ХІІ Азаматтық форумында қандай бастамалар талқыланды?

  • 13
  • 15.10.2025, 19:31

Азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы ықпалдастық. Елімізде Ақпарат министрлігі және Азаматтық альянс қозғалысының мұрындық болуымен, дәстүрлі Азаматтық форум шымылдығын түрді. Тарихы 2003 жылдан тамыр тартатын Азаматтық форум, міне 12-ші рет бас қосып отыр. Бұл жолы қандай мәселелер қозғалды? 

700-ге тарта делегат, сан салалы мәселе және бір ғана мүдде. Қоғамның үнін билікке жеткізу. Азаматтық форум қатысушылары 20-ға тарта панельдік жиындар алаңдарында салалық бағыттар бойынша бас қосты. Мәселен, Smart қайырымдылық сессиясы. Қоғам белсенділері мен қайырымдылық қорларының барлығы бірдей мейірбан емес. Алаяқтардың әрекетінен қазір тіпті жұрттың жылу жинауға деген сеніміне селкеу түскен. Ал мыңдаған көмекке мұқтаж жандардың мәселесі кезек күттірмейді. Қайтпек керек? 

Азиза Өтегенова, Қазақстандық краудфандинг жобасының негізін қалаушы:

-Кез келген ақша аударымы цифрландырылып, мемлеттің бақылауында болуы шарт. Себебі қазір қайырымдылықты желеу еткен алаяқтар көбейіп кетті. Оның үстіне жылуға деп жиналған милиондаған қаражатты қалтаға басқан оқиғаларды білесіздер. Сондықтан қайырымдылық жасаумен айналысатын кез келген ұйым, қор немесе адамның осы бағыттағы жұмысы цифрландырылуы керек, сонда ашықтық болады. Әрбір жұмсалған тиынның ізін көре алатын боламыз. Осының барлығын реттейтін заң керек.  
 
Маңғыстау облысында Neet санатындағы жастарды әлеуметтендіру бағытында 5 жыл жұмыс істеп жатырмыз дейді ағартушылық жолда жүрген ақтаулық белсенді. Айтуынша ауыл жастарын оқытып, кәсіпке бейімдеу ісінде нәтиже бар. Бұл форумға тәжірибелі әріптестерін Маңғыстауға шақыра келген екен. 
 
Нұрлан Қуанышбай, «Жағымды жаңалық» қоғамдық қорының директоры /Маңғыстау облысы/:   

-Қазір енді заңнамада да әртүрлі өзгерістер боп жатыр. Сол заңнамадағы өзгерістерді және мына жас ұйымдарға беріліп жатқан мүмкіндіктер неғұрлым көбірек насихатталса, көбірек жеткізілсе. Онлайн форматпен ғана шектелмей, офлайн, біздің аймаққа келіп әріптестер тәжірибемен бөліссе. 

2022 жылы құрылып, іргелі институтқа айналған Қоғамдық кеңестер де бүгін форум аясында 4-ші Мәжілісін өткерді. Олардың мұраты - атқарушы органдар жұмысының ашықтығы.

Сәлімбай Шунеев ҚР МАМ қоғамдық кеңестерді үйлестіру орталығының төрағасы: 

-4 мыңға жуық белсендінің бастары біріккен 263 қоғамдық кеңес болатын болса, тек мынау елге, адамға, халыққа маңызы бар 9 мыңға жуық нормативтік правовой актілер қаралған. 350-ден астам мемлекеттік органдардың басшыларының жұмысы тыңдалынды.  

Ұсыныстар да бар. «Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік емес құрылым болғанымен олардың өзіне де кейде бақылау керек дейді»,– шымкенттік белсенді Өмір Шыныбекұлы.  

Өмір Шыныбекұлы, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

-Өздерінің жеке мүдделерін шешу үшін, әкімдікке құру құқығын пайдаланып, басқармалардың алдында есіктерін күзетіп тұратын сондайлар бар. Мен ең алдымен өзгертуді қоғамдық кеңестердің мүшелерін жасақтайтын комиссияны өзгертуден бастар едім. Соны халықтың арасынан жанашырларды, шынайы белсенділерді таңдап ала алатындай комиссия құру керек секілді. 

700-ге тарта делегат қоғамдастық пен мемлекет арасындағы ықпалдастықты цифрландыру, инклюзия, қайырымдылықты дамыту, медиа мен жасанды интеллекттің қоғам өміріндегі рөлі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен халықтық дипломатия мәселелері бағыттарында кеңінен талқылады. Жиынның нәтижесі бос сөз емес, ұсыныс тілек, бұйымтай базыналардан түзілген қорытынды қарарға ұласады. 

Берік Дүйсенбай, Аманжол Байғазин