Ақтөбе облысында 1400 жаңа жұмыс орны ашылды
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Кешенді жаңғырту «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Маусым барысында жаңадан 1400 жұмыс орны ашылды.
Бұған дейін ірі мұнай өңдеуші зауытта еңбек еткен Әнуар Жанбауов биылғы көктемде жұмыссыздардың қатарына қосылған. Әлемді жаулаған пандемия табыс көзінен айырған соң қалалық жұмыспен қамту орталығына барып тіркеледі. Нәтижесінде құрылыс компаниясынан бос орын тауып, облыс орталығындағы білім-инновация лицейін жаңғырту жұмыстарына қосылған.
Әнуар Жанбауов, құрылыс компаниясының инженері:
- Бұрынғы қазақ-түрік лицейінің ғимаратын гипсті-мәрмәр тастармен қаптап жатырмыз. Қазір жұмыс тәмамдалуға жақын. Жалақымызды уақытында алып тұрамыз. 15-20 жұмыс күніне жүз мың теңгеден астам төлейді. Қол қусырып үйде отырғаннан әлдеқайда жақсы.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ордасы ғимараты 95% дайын. Дарынды балаларға арналған өңірдегі үздік мектепті жаңғыртуға республикалық бюджеттен 182 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, оның жартысы еңбекпен қамту бөлімінде тіркелген жандарға бұйырды.
Мейрамбек Шермағанбет, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Жобаның басты мақсаттарының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыздарды жұмысқа тарту болып табылады. Соған сәйкес облыс бойынша білім беру саласында 1400 жұмыс орны ашылып, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 700-ге жуық жұмыссыздар жұмысқа тартылды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірдегі мәдениет ошақтары да жаңғыртылды. Мәселен, облыстық архив ғимараты іргетасы қаланған сәттен жөндеу көрмеген. 500 мыңнан астам құнды құжат сақталған ғимарат заманауи өрт сөндіру жүйесімен қамтамасыз етіліп, тиісті ылғалдылықты қадағалайтын желдету құрылғылары орнатылды. Жалпы өңірдегі мәдениет нысандарын жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд 100 млн теңге қаржы бөлінген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков