Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге 487 үй салынып жатыр

Ақтөбе облысының алты ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 487 үй салынып жатыр. Алдағы уақытта тағы 100-ден астам баспана бой көтереді. Құрылыс жұмыстары екі айдың ішінде толық аяқталуға тиіс.

Ал тасқынның зардабын жоюға тартылған ірі компаниялар мен қорлардың есебінен 111 адамға дайын үй сатып алынды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш өседі. Екінші деңгейдегі нарықтан да баспана қарап жүрген тұрғындар бар. Ең бастысы – жылжымайтын мүлік сол ауданның аумағында болуға тиіс. Құрылыс жұмыстарына 40-тан астам мердігер компания тартылған.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қала бойынша біздер тұрғын үйді сатып алып жатқан жоқпыз. Дайын пәтерлерді сатып алып, беріп жатырмыз және де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған аудандар бойынша Ырғыздан басқасында қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 641 тұрғын үй құрылысын салу қажетпіз. Қазіргі таңда 487-нің құрылысы жүріп жатыр.