Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек берілуде
Топан су толастар емес. Өскеменде Үлбінің суы көтеріліп келеді. Қазір көпір астыдағы жолды су басып, көлік қозғалысы тоқтады. Ал Ақмола облысында Жабай өзені тасып, кешелі бері Атбасар халқын әбігерге салып жатыр. Кей өңірлерде зардап шеккен халыққа өтемақы төлене бастады.
Ақмола облысының тағы екі ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды. Яғни, Атбасардан бөлек, бұл тізімге Есіл мен Жарқайың аудандары қосылды. Оған Жанысбай, Есіл және Қызылсу өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі себеп. Қарғын су әсіресе, ауылдарды басып қалды. Қазір жергілікті тұрғындар эвакуацияланып, төрт түліктері қауіпсіз жерге жеткізілді. Ал Атбасар ауданындағы Жабай өзеніндегі су деңгейі 1 метрге дейін төмендеді. Соңғы тәулікте шағын шаһардағы 127 үйді су басқан еді. Бүгінде аудан орталығында арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі есептеліп жатыр. Ал,тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа үй беріледі.
Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:
- Қазіргі таңда екі үй салынып жатыр. Оны күзге дейін қайтсек те тапсырамыз деп отырмыз. Суға кеткен 127 үйдің 87-іне беріліп, толық жабылады. Қалғандарына не қаражатпен көмектесеміз, немесе оценка істегесін үй сатып алып береміз.
Өскеменде де жағдай тұрақсыз болып тұр. Үлбі өзенінің деңгейі 2м 80 см дейін көтеріліп кетті. Бұл шектік мәннен біршама төмен. Дегенмен қала ішінде көпір астымен өтетін жолды су басып қалды. Сондықтан, ол қатынасты жабуға тура келген. Үлбі, Согра, Бабкина, Мельница ықшам ауданындағы жеке секторға қауіп төндіріп тұр. Қазір өзеннің жағалауына қиыршық тастар төгіліп, ондағы бекіту жұмыстары күшейтілген.
Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:
- Гидрапосттар бәрі жұмыс істеп тұр. Біз басқа аудандармен байланыстамыз біздің мамандар.Қазір су деңгейі төмендеді. Алдағы уақытта ауа райы болжамына қарап отырмыз. Мамандардың айтуынша, ары қарай түседі өз деңгейіне. Неге? Өйткені ауа райы сәл суытты, әрі қар көлемі де азайды.
Ал Павлодар облысының Жалаулы ауылында төтенше жағдай режимі күшін жойды. Тіпті, зардап шеккен тұрғындар, бүгін болашақ үйлерінің сызбасымен танысты. Су басқан 14 үйдің бесеуін комиссия жарамсыз деп таныды. Сондықтан жергілікті атқарушы билік ауыл адамдарын жаңа баспанамен қамтуға шешім қабылдап, бір үйдің құнын 22 миллион теңге деп бағалаған. Бүлінген дүние-мүліктің құны да толық өтеледі. Және де, келешекте елді мекен көктемгі қар суынан қиналмас үшін кіре беріске сыйымдылығы 200 мың текше метрлік үш қазаншұңқыр қазылып, ауылға бөгет салынды.
Мархабат Сматаев, Жалаулы ауылының тұрғыны
- Үй салып береміз деп үйлердің схемасын көрсетіп жатыр. Өзім, көңіліме ұнайды. Неге десеңіз Қазақстанның басқп жерлерінде бізден де жаман жағдай болып жатқандары бар. Өз басым ризамын.
Қарағандылықтар да, жәрдемақыларын ала бастады. Су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының тұрғындарына дүние-мүлкі шығындарының өтемақысы мен 350 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдем берілді. Сондай-ақ қырылған 150 бас мал да өтелді. Комиссия су кірген үйлерді тексеріп, 6 баспананы тұруға жарамсыз деген шешім шығарған. Ол отбасыларға мемлекет есебінен үй сатып алынады. Еске салсақ, Шет ауданындағы 4 елді мекеннің 40 –тан астам үйін су басқан болатын.
Серік Өтешов, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
- Бірде бір адам көмексіз қалмай зардап шеккен жағдайы жасалуы қажет. Үкімет деңгейінен, жергілікті атқару органдарынан. Сондықтан облыстық штабтың өкілдері айтып жатыр бүгінгі күнде Шет ауданында зардап шеккен жандарға ақшасы төленіп те қойыпты. Өте тез қимылдаған мінекей. Бүгінгі күнде 70 млн теңгедей ақша төленіпті.
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан зардап шеккендерге 100 және 200 айлық есептік көрсеткіші көлемінде әлеуметтік көмек жасалады. Қазір құжат қабылдау басталды. Өтініш екі күннің ішінде қаралып, төлем аудыралуы тиіс. Тұрғындарды алаңдатып отырған ендігі мәселе - өтемақы. Петропавлға келген Парламент Сенатының депутаты Әсем Рахметова «комиссия құрамына жергілікті тұрғындарды да кіргізу керек» деп санайды. Оның айтуынша, бұл жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Үйлеріне су кіріп жатқан тұрғындар дәл қалай төлемақының жасалатынын, қлай есептелетінін, оны кім есептейтінін соны алаңдатып жатыр. Сондықтан да біз енді өз тарапымыздан осы комиссиялардың құрамына жергілікті халық та кірсе екен, олар да өдерінің жайларын түсіндіріп толық көрсете алатындай жағдай жасалса деген ойымыз бар.
Ал Алматы облысындағы «Бартоғай», «Күрті» және «Ворошилов» су бөгендерінің беріктігі тексерілетін болды. Күрделі жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарының ауқымы тексеру қорытындысы шыққан соң белгілі болады. Бұл гидрологиялық нысандардың алды XX-ғасырдың басында салынғанын да ұмытпау керек. «Дегенмен, өңірдегі егіс алқаптарына су үздіксіз беріледі. Оған ешқандай кедергі жоқ», - деді облысқа жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев. Мамандар болса, бір ғана «Бартоғай» су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге кемі 4 млрд теңгеден астам қаржы қажет екенін айтты.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Үлкен Алматы калналы, БАК дейміз, сол БАК-қа Бартоғай арқылы су барады. Ол жерде Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай аудандарының шаруалары су алып отырған бұл өзі сондай күрделі гидроқұрылғы.
Сенат және Мәжіліс депутаттары елдегі ахуал тұрақталғанша су басқан аймақтарда болады. Олар апатқа қарсы жұмыстарды ұйымдастыруға көмектесіп, зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге атсалыспақ.
Автор: Алуа Маханбет.