Шалқар ауылы ауызсуға жарымай отыр
Табиғаты тамаша, шырайы кіріп тұр. Елді мекенді жағалай өзен көл қоршаған. Табиғи суға бай. Бірақ ішетін ауызсуға жарымай отыр. Ауыл тұрғындарының күні бір құдыққа қарайды. Қысы-жазы тіршілік нәрін тасып ішеді. Оның өзі кермек татиды. Әсілі, Шалқарға су құбыры сонау 1970 жылдары тартылған. Тозығы жетіп, әбден ескірген екен. Істен шыққалы да біраз болыпты. «Су магистралін қалпына келтірсе» деген жұрт Мәжіліске хат жолдапты. Бірақ әлі жауап жоқ.
Орал Төкешова ес білгелі осы ауылда тұрады. Бұрыннан суды тасып ішеді. Себебі үйіндегі құдықтың суы тұтынуға жарамсыз. Оны ыдыс-аяқ, кір жууға ғана пайдаланады.
Орал Төкешова, ауыл тұрғыны:
- Жерден шыққан су ғой. Ащылау, кермек татиды. Кейде мұның өзі болмай қалады. Қорғалжыннан су тасушы аптасына бір рет келеді. Кейде жетпей қалады.
Орал әжейден бөлек арбасын сүйретіп жүрген қариялар жетеді ауылда. Барлығы осы құдықтан су тасиды. Олар үшін бұл құдық емес, құдды қасиетті бұлақ секілді. Енді ше?! Осы бір ғана тіршлік нәріне телміріп отыр емес пе?! Бірақ мұның да тозығы жеткен. Алпыс жылдан асыпты.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Бұл – бүтін бір ауылға ортақ шелек. 500-ге жуық тұрғыны бар Шалқар ауылы азаматтарының күні осы құдыққа қарап отыр. Жас та, жасамыс та уақытының басым бөлігін осы жерде өткізеді. Тазалық талаптарын айтпаса да түсінікті шығар. Бірақ бір әттеген-ай, судың дәмі кермек татиды.
Иә, күн көру керек. Ауыл тұрғыны семіздің арықтап, арықтың үзілерін суреттеп тұр. Себебі ішуге жарамды «таза» деген судың өзі «таза» емес.
Талғат Әбдіғалиев, ауыл тұрғыны:
- Тазаласақ, ішінен небір нәрсе шығады. Қаңылтыр сияқты заттар толып жатады. Ешқандай тазалық жоқ. Мына жер су болғаннан кейін, үстінде етікпен тұрады. Ол етік таза емес. Жол да ескі, тозған, 50 жыл болған.
Елу жылда, ел жаңа. Ауылдың тілегі осы. «Тек елді емес, құбырларды жаңартып берсе», – дейді. Әсілі, Шалқарға су 70-жылдары жеткізіліпті. «Қысым әлсіз болып, істен шыққан. Содан бері құбырлар әбден тозған. Қалпына келтіру мүмкін емес», – дейді.
Бұл мәселені ауыл жұрты көтергелі қашан. Әттең, әкімнің қолы қысқа. Әйтеуір әлеуметтің өзегін талдырмай, көрпесіне қарап көсіліп, көпшілікке суды сырттан алдырады.
Мұрагер Ахметбеков, Қызылсай ауылдық округінің әкімі:
- Ауылымызға бейсенбі, сейсенбі күндері су таситын көлік арқылы су жеткізіліп тұрады. Бізде жол мәселесін көріп тұрсыздар. Қыстың күндері, көктемде жол езіледі. Жол жабылатын уақыттар болады, боранды кездері су жетпей қалады.
Әкім – осы ауылдың азаматы. Содан болар туған жеріне жаны ашып тұрады. Әйтпесе ауылдың ауызбірлігі жақсы. Табиғаты да тамаша. Жағалай елді мекенді өзен, көл қоршаған. Бірде бір қоқыс жоқ. Жол жоқ. Су жоқ. «Осы «жоқты» жоғарыға жеткізіңіздерші», – деп жұрт зор сеніммен шығарып салды. Аманатты арқаладық, ендігі үміт Үкіметте.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Қанат Әбілдин