БҚО-да арыз-шағым онлайн қабылданады
Тәртіп сақшылары саланы реформалау жобасына үлкен үміт артып отыр. Әсіресе учаскелік полиция инспекторларының жүктемесін азайту, кадр тапшылығын жою мәселелері өзекті.
Жеңіс Жұмашев – тоғыз жылдан бері учаскелік полиция инспекторы. Биыл 180 құқықбұзушылық дерегін анықтады. Әкімшілік аумақта тіркелген 25 қылмыстық істің 17-сі ашылған. Тәртіп сақшысы қызмет бабында әрбір минут маңызды екенін айтады. Алайда жүктелген міндеттер арасында артық функциялар болатынын жасырмады.
Жеңіс Жұмашев, учаскелік полиция инспекторы:
- Әкімшілік аумақтағы тұрғындардың барлығын жақсы танимын деуге болады. Сол себепті олар маған әртүрлі мәселелермен келген жағдайда үлкен жауапкершілікпен тыңдап, мәселесін шешуге тырысамыз. Мемлекет басшысының учаскелік полиция инспекторларының жұмысын реформалау жөніндегі кеңесі ұзақ уақыт есімізде қалады. Жұмысымыз бағаланып жатқан кезде біз алға талпынуға ұмтыламыз.
Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіптің жіті қадағалануы полиция қызметінің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты. Министрліктен облыстағы озық деп танылған учаскелік полиция пунктіне су жаңа автокөлік берілді. Аймақта тәртіп сашылары енді жұмыс кестесін қайта қарауды немесе әрбір әкімшілік аумақта арыз-шағымдарды қабылдап отыратын бөлек маман болғанын қалайды. Өйткені инспекторлар тиісті міндеттерді орындауға кеткен кезде пункт бос қалады. Ал бұл аралықта уәжін арқалаған тұрғындар келе қалса, сарыла күтуге мәжбүр болады. Аймақта арыз-шағымды онлайн қабылдау да жолға қойылып жатыр.
Жанболат Жаншин, БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Қазіргі уақытта біз парақша аштық, яғни сол арқылы халық арыз-шағымдарын үйлерінен шықпай-ақ жазып жіберулеріне болады.
Аймақта 177 учаскелік полиция пункті бар. Онда 399 инспектор қызмет атқарады. Алайда кадр тапшылығы айтарлықтай сезіледі. Шамамен 200-ден астам маман жетіспейді. Полицейлер саладағы осындай күрделі мәселелерді шешуге жаңа реформа серпін береріне сенімді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов