Хабар телеарнасы

БҚО-да улы зат тиеген жүк көлігі аударылды

Батыс Қазақстан облысында 21 тонна химиялық сұйықтық тиелген жүк көлігі аударылып қалды. Жол-көлік оқиғасы «Самара-Шымкент» тасжолында Оралдан 45 шақырым қашықтықтағы Бейбітшілік ауылы маңында болған. Қытайдан Ресейге бара жатқан көлікте тетрагидрофуран еріткіші тиелген.

Темір тұлпардың жүргізушісі Беларусь азаматы рөлге ие бола алмай қалған. Оқиға орнына жедел жеткен Төтенше жағдай департаментінің мамандары мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері тиісті сынамалар алып, қауіпті заттың ауаға таралмағанын анықтады. Ыдыстар аударылғанымен, ішіндегі сұйықтық төгілмеген.

Нұралы Мұсиев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Қоршаған ортаға ешқандай зиян жоқтығы анықталды. Одан кейін департамент қызметкерлері аталған жүк көлігі жүргізушісіне бөшкелерді басқа жүк көлігіне тиеу бойынша, сонымен бірге жол жиегіне шығып кеткен көлікті автожолға шығару бойынша көмек көрсеткен болатын. Бүгінгі күні операция сәтті өтті.