Қордайда биыл жаңадан 400-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр
Ауданда мектеп, балабақша, баспана мен инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір негізгі жұмыстардың 95% біткен. Ал жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасы орнына келіп, жұрт қалыпты жағдайда өмір сүріп жатыр.
Қордай ауданында биыл 392 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы 35 млрд теңге бөлінген. Істелген жұмыстың ең негізгісі ауылдарды газдандыру болып отыр. Ауданда жыл соңына дейін 22 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Қазір алғашқы екі ауылға газ кірді.
Юсуф Паров, Масаншы ауылының тұрғыны:
- Ауылға газ жіберді, асфальт төселді. Жаңа мектеп соғылып жатыр. Бәрі жақсы, рахмет!
Айгүл Дәулетбекқызы, Өтеген батыр ауылының тұрғыны:
- 20 жылдан бері ағаш жарып, көмір жағатынбыз. Енді табиғи газ қолданып отырмыз. Көбіне жұмыста боламыз, ал енді үйге келгенде үйіміз жылы, асымыз дайын.
Баспана мәселесі де биыл біршама шешімін таппақ. Қазір Қордай ауылында 60 пәтерлі бес үйдің құрылысы жүріп жатыр. Желтоқсан айында 300-ге тарта отбасына баспана кілті табыс етіледі. Сондай-ақ төрт білім ошағы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа үш мектеп салынуда. Осының есебінен орын тапшылығы мен апатты мектептердің проблемасы толық шешіледі. Ауданда тіл мәселесі мен идеологияға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Дауыл Бейсенқұлов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
- «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Қордай ауданында мыңға жуық түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп отыр. Қазақ сыныптарының саны 70% жетті. Сортөбе ауылында «Имамдар үйі» ашылып отыр. Түрлі ұлт өкілі осында ақылдасып, кеңес орталығына айналмақ. Қазіргі уақытта жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысына сәйкес аудандағы қоғамдық-саяси тұрақтылық 90% асып отыр.
Жергілікті жұрт қазір татулық пен бірлікті арттырудың маңызды іс екенін жақсы түсініп отыр. Бұған ауыл ақсақалдары ерекше көңіл бөліп жастарға бағыт-бағдар беруде.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә