Атырау облысында мақсатты пайдаланылмаған он жер телімі тәркіленді
Жайылым мен шабындықтарды айтпағанда сулы құдықтарды мекендейтін шаруа қожалықтары жыл санап артып барады. Десек те бір кезде ұзақ мерзімге жер телімін рәсімдеп алып, оны өзі де пайдаланбай, өзгелермен де бөліспей отырған шаруашылықтар да жеткілікті.
2019 жылдан бастап мемлекет пайдаланбаған жерді қайтарып алуға кірісті. Былтыр Қызылқоға, Құрманғазы және Жылыой аудандарында осындай 54,7 мың гектар жер қайтарылды. Бұл шара қала ішіндегі коммерциялық жер телімдеріне де қатысты. Биыл қала бойынша мақсатты пайдаланылмаған он жер телімі қайтарылып алынып, 51 жеке және заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды.
«Құрман» шаруашылығы өз өнімдерімен Қызылқоға ауданына ғана емес облысқа жақсы танымал. Мұнда қазір 600-ден астам мүйізді ірі қара мен 2 мыңдай қой бар. Жылқы мен түйе қосалқы шаруашылық есебінде өсірілуде. «Мал басын әрі қарай өсіруге өріс пен шабындық жер жетіспейді», – дейді шаруагер.
Құрманбек Аманғалиұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мал басын мыңға да жеткізуге болады. Бізде тек жер мәселесі жетіспей тұр. Айналдырған 3,5 мың гектар жер бар. Жылқы, түйе, қойларымызға кішкене жер жетіспей жатыр.
Биыл Қызылқоға ауданы бойынша 21,5 мың гектар жер қайтарылды. Алайда игерілмей жатқан жер телімі жеткілікті. Былтырғы түгендеу жұмыстары барысында облыс бойынша 54 мың 700 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің бос жатқаны анықталған болатын.
Назкен Өтешова, облыстық Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Оның ішінде 42,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 11,9 мың гектары қайта игерілуде. Қазіргі таңда 4 мың гектар жер жергілікті атқарушы биліктің қарауында.
Сондай-ақ қала және аудан орталықтарында да бос жатқан коммерциялық жер телімдерін түгендеу басталды. Нәтижесінде Атырау облысы бойынша жер учаскелерін уақытылы игермеген он жер телімі тәркіленді. 51 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, 8 млн 833 мың теңге айыппұл салынды.
Жазира Жұмаханова, облыстық Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Жер учаскесі табыс етілген күннен бастап, яғни шешім немесе қаулы шыққан күннен бастап кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері үш жыл игерілмеген жағдайда басқармамен бір жылда игеру жөнінде нұсқама табысталып, игерілмеген жағдайда мәжбүрлі түрде алып қоюға болады.
Атырау облысында 12 млн гектарға тарта жер бар. Оның тек 25,1% ғана ауыл шаруашылығына жарамды. Жан-жақты түгендеудің арқасында мыңдаған гектар жер шын егесін тапты. Ол аймақтарда егіс көлемі ұлғайып, ата кәсіп жанданатын болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов