Хабар телеарнасы

Шымкенттегі үш мыңнан астам жер телімі мемлекетке қайтарылмайтын болды

Шымкентте үш мыңнан астам жер телімін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешімнің күші жойылатын болды. Себебі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға арналған құрылыс жоспары өзгертіліп, кейбірі мүлде тоқтатылған. Бірақ меншік иелері бұған дейінгі шыққан шешімнің әсерінен үйі мен жерін сата алмай әлек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуларынша, «Шымсити» шағынауданында жоспарланған автожол мен жолайрық құрылысы өзгертіліп, қосымша жер телімі қажет болмай қалған. Қонаев атындағы даңғылдың жалғасын салу кезінде де жобаға бірнеше толықтыру енгізілген. 

Алексей Колосков, қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

-Біздің бастамамызбен жер уческелерін қайтару туралы қаулылардың күші жойылатын болады. Қазіргі таңда үш жүзден астам жер телімін мемлекет қажеттілігіне алу туралы 4 жыл бұрын шыққан шешімнің күшін жою қарастырылып жатыр. Бұл тәжірибе сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмауға көмектеседі.