Тәуелсіздік тірегі төл теңгемізге 27 жыл толады
Расында да Халықаралық банкнот қоғамдастығы біздегі «Қазақ елі» сериясымен шыққан 5 мың, 10 мың теңгелік банкноттар мен «Күлтегін» бейнесі бар мың теңгеліктерді «Әлемдегі ең үздік банкнот» деп таныды. Осы жексенбіде төл теңгеміздің басылып шыққанына 27 жыл толады.
Қазақстанның банкнот фабрикасынан басылып шығатын қағаз ақшаның бар құпиясы – қорғаныш қабатында. Оны жасау кезінде көзге көрінбейтін, ешбір баспахана көшірмесін жасай алмайтын элементтер қолданылады.
Жомарт Қажымұратов, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры:
- Ұлттық валютаның қауіпсіздігін сақтау үшін біз заманауи технологияларды қолданамыз. Банкноталық фабриканы жаңғырту жұмыстарын жүргіздік, қорғаныс элементтерінің жаңа түрін қолдана бастадық. Осындай кешенді шаралардың арқасында біздің теңге әлемдегі ең мықты қорғалған валюта саналады.
Егемен елге мемлекеттік рәміздер қаншалықты қажет болса, ұлттық валютаның маңызы да соншалықты. Өйткені тәуелсіз елдің қаржы саясаты да тәуелсіз болуы тиіс. Оны қалыптастыру оңайға түскен жоқ. Қазақтың төл теңгесі 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Қағаз ақшалардың алғашқы легі Англияда басылса, тиындар Германияда соғылды. Ал қазір Қазақстанның өз банкноталық фабрикасы бар. Біздің ел ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып монета сарайын да ашты.
Жомарт Қажымұратов, ҚР Ұлттық банкі Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры:
- Банкноттар мен монеталарды жасау – өте күрделі процесс. Ол мемлекеттің тек экономикалық жағдайын ғана емес, мәдениет, тарихын көрсетеді. Біздегі ақша басып шығаратын банкноталық фабрика мен монета сарайы – әлемдік экономикалық сектордағы жетекші кәсіпорындар. Ақша басып шығару ісінде тәжірибесі мол.
27 жылда теңгенің түр-сипаты төрт рет өзгерді. Алғашқы портреттік сериясында ұлы тұлғалардың бейнесі жаңғырса, одан кейінгі легі «әл-Фараби» атауымен шығарылды. «Бәйтерек», «Самұрық» сериясында заманауи Қазақстанның қазіргі келбеті айшықталған. Ал монеталар айналымдық, инвестициялық және коллекциялық болып бөлінеді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Қанат Әбілдин