Ұлттық Банк валюта айырбастаудың жаңа ережесін бекітеді
Енді шетел валютасын сату және сатып алу бағамының айырмасы қысқарады.
Ұлттық Банктің қаулысымен енді шетел валютасын сату және сатып алу бағамының айырмасы қысқарады. Қаулыға сәйкес АҚШ доллары үшін бағамның ауытқу шегін 7, еуро үшін 10 теңге деп белгілеу ұсынылып отыр. Бас банк бұл өзгеріс ең әуелі валюта нарығындағы жөнсіз алыпсатарлық әрекеттерді және қаржы нарығындағы операцияларға қатысушылардың тәуекелдерін төмендетуге бағытталған, - деп түсіндірді.
Бұл шектеудің қолма-қол ақшасыз жасалатын айырбас операцияларына қатысы жоқ.
Расул Рысмәмбетов, экономист:
- Сату мен сатып алу арасындағы айрыманы шектеу валюта айырбасындағы спекуляцияның жолын кесу үшін жасалып отыр деп ойлаймын. Ақша айырбастау бекеттерінің көбісі банктік емес, жекеменшік. Мәселен, сенбі-жексенбіде биржалар жұмыс істемейтін кезде жекеменшік айырбас пункттері бағамды өсіріп жібереді де. халық арасында дүрбелең туғызып жібереді. Жұрт келіп жаппай валюта алады. Сол арқылы бұлар өз пайдаларын түгендеп отырады. Меніңше, осындай спекуляцияның алдын алу үшін аталған қадамға барып отыр.