Шымкентте дәстүрлі ІІ азаматтық форум өткізілді
Бүгінгі күні форум азаматтық қоғам мен билік арасындағы ынтымақтастық алаңына айналып үлгерді. Сондай-ақ жиын барысында белсенділігімен көзге түскен азаматтық қоғам мүшелері арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Биылғы форум бұрынғы форумдардан өзгерек. Себебі карантинге байланысты алқалы жиын онлайн форматта өтті. Қоғам белсенділерінің көбі экранның арғы жағында отырды. Алайда бұл жағдай қоғамдағы өзекті мәселелерді бірге талқылауға жиналғандарға еш кедергі келтірген жоқ.
Бану Нұрғазиева, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті:
- Үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғамдар, белсенді азаматтар. Осылардың жұмысын мемлекет дұрыс пайдаланса, сіздердің әлеуеттеріңізді іске асырса, онда біздің мемлекетіміз жақсы дамыған қоғам болады.
Форумда азаматтық қоғам мүшелері бүгінге дейін өздері атқарған жұмыстарымен таныстырды. Белсенді азаматтардың игі істері жиынға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов азаматтық қоғамда әрбір адамның жайлы өмір сүруіне басымдық берілетінін айтты.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
- Әлеуметтік бастамалардың жүзеге асуына қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі зор. Елдің өсіп-өркендеуі, қоғамдық сананың жаңғыруы азаматтардың белсенділігі арқылы жүзеге асады.
«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова әйелдер мен балалардың мәселесіне бейжай қарамайды. Сондықтан ол мемлекеттік орган мен азаматтық қоғамның күш біріктіріп, бірге әрекет ететініне сенімді.
Шахноза Хасанова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығының директоры:
- Бүгінгі күні Үкіметпен және жергілікті атқарушы билікпен бірге жұмыс істейміз. Олар бізді тыңдап, сөзімізге құлақ асады. Біз – түрлі ведомствоаралық комиссиялардың мүшесіміз. Соның нәтижесінде заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар береміз.
Форумға қатысушылар халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жобаларын ұсынды. Сөзден нақты іске көшкен белсенділер мемлекет тарапынан марапатқа ие болды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова