Ақтөбе облысының Темір ауданы орталығына жаңа мектеп ғимараты қолданысқа берілді
Нәтижесінде Шұбарқұдық кентіндегі үш ауысымдық білім беру мәселесі толығымен шешімін тапты.
Алтын алқа иегері Рысгүл Қоштанбекова осы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен білім береді. Қазір оқу үрдісі онлайн болғанына қарамастан жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысып, бөлмелердің жабдықтарын көруге асыққан. Себебі мектепке педагогтың өзінен бөлек 5 бүлдіршіні де күнделікті келетін болады.
Рысгүл Қоштанбекова, Темір ауданының тұрғыны:
– Балаларымыздың бесеуі жан-жақта оқиды. Қыстың күні тоңып, жаздың күні ыссысына төзіп келген еді. Осындай жаңа мектептің салғанына біздер қуанышқа бөленіп, міне, балаларымыз да қуанып жатыр. Осы мектебімізде білімді ұрпақ тәрбиеленсін деймін. Мұғалімдерге шығармашылық табыс тілеймін.
Құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге жұмсалған ғимарат заманауи білім беру талаптарына сай. Химия мен физика кабинеттері, спорт залы мен асхананы айтпағанда, шалғай ауыл балаларына арналған интернаты да бар. Салтанатты шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі мектеп оқушыларына робототехника класының да жабдықталатынын жеткізді.
Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:
– Келешекте бәсекелестікке қабілетті ұрпақ тәрбиелеу, соған тиісті білім беру, заманауи технологияларды игеру – басты міндеттеріміздің бірі. Біз енді қолымыздан келгенше мүмкіндік жасап отырмыз. Ал қалған уақытта сапалы білім алып, бәсекелестікке қабілетті болу ол енді өздеріңізге байланысты.
Алдағы жылы Темір ауданының Шұбарши ауылында да дәл осындай мектеп құрылысы аяқталуы тиіс. Жалпы қазір өңірде 20 оқу ордасы салынуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Білім беру нысандары қолданысқа берілген соң аймақта үш ауысымды және апатты ғимараттар мәселесі шешімін табуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков