Қарағанды облысы әкімінің бастамасымен өңірдегі аудан, қала әкіміне штаттан тыс кеңесшілер сайланды
Себебі тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар өз қатарластарының мәселесін жақсы біледі. Нияз Сүндеталиев – Қарағанды өңірінде айтарлықтай танымал азамат. Алған жарақаты салдарынан 8 жыл бойы мүгедектер арбасына таңылған. Осыған қарамастан ол облыстың әлеуметтік-саяси мәселесінен шеткері қалған емес. Енді облыс әкімінің кеңесшісі ретінде тағдырластарын мазалаған мәселесін шешуге ниетті.
Нияз Сүндеталиев, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі:
– Диалогтық алаңдар құрып, Үкімет жанындағы үйлестіру кеңесінің шағын топтарында жұмыс жүргізу жоспарда бар. Жалпы негізгі мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші бойынша жұмыс істеп, нәтиже шығару. Бұдан бөлек, біздің облыс бойынша өзге аудан, қала әкімдерінің мен сияқты кеңесшілерімен бірігіп, қоғамдағы кедергілерді шешуге ықпалдасамыз деп ойлаймын.
Жаңа кеңесшілер әр аймақтың әкіміне мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жан айқайын тікелей жеткізуі тиіс. Облыстағы жарым жандардың саны 70 мыңға жуықтаған. Бұл өңір тұрғындарының – 5 проценті. Келер жылдың басынан бастап мүгедек жандарға арналған әлеуметтік портал іске қосылмақ. Ол арқылы кез келген қызметті алуға мүмкіндік ашылады. Қазір кеңесшілер алдына қойылған басты сұрақтың бірі – аталған портал қалай жұмыс істейтінін түсіндіру.
Данияр Шөженов, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
– Кеңесшілерді енгізу мақсаты – негізі мүмкіндігі шектеулі қоғам мүшелері мен мемлекеттік органдар арасында ынтымақтастықты күшейту. Және кеңесшілер өздері бұл адамдардың мәселелерін, не керегін жақсы түсінеді.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барлық аудан-қалаларда инватакси қызметін енгізуге қаражат бөлінетінін айтты. Сондай-ақ егер жаңа салынған әлеуметтік нысандарда мүгедек жандардың қатынауына жағдай жасалмаса, оларды қабылдамауды тапсырды.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев