Қарағанды облысындағы шахтада екі кенші көз жұмды
Қарағанды облысында «Қазақмыс корпорациясына» тиесілі «Саяқ-3» шахтасындағы төтенше жағдай кезінде екі жұмысшы қаза тапты.
Кеніште ауаға улы газ бөлініп, барлық жұмысшылар жедел түрде эвакуацияланған. Тағы бір адам иіс тиіп, ауруханаға түскен. «Науқастың жағдайы қалыпты, жіті бақылауда», - дейді дәрігерлер. Еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Ал полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіліп жатыр.
Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- «Саяқ-3» шахтасында болған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277 бабының 2-ші тармағына сәйкес, яғни абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу дерегімен қылмыстық іс қозғалды.