Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері шағым айтып, шу шығарды
Әсіресе пандемия салдарынан жолаушылардың жолақысымен міндеттелген жоспарды орындау қиындай түскенін айтады. Оған қоса, автобус бұзылса, қосалқы бөлшектерді алу да көлік жүргізушілеріне жүктелген көрінеді. Енді бұл мәселені шешуге әкімдік өкілдері араласпақ.
Жұмыстың қиындай түскенін айтқан қоғамдық көлік жүргізушілері мекеме басшыларына кезекті рет шағымдарын жеткізді. Бұған дейін жолаушылардан жиналатын күн сайынғы түсім жоспарын орындау мүмкін емес екенін бірнеше рет айтқан. Алайда нақты өзгеріс бола қоймапты. «Таңнан кешке дейін еткен еңбектің де ақысы төмен», – дейді.
Амантай Жақаев, жүргізуші:
– Біздің айлығымыз 2-2 жарым мың шығатын шығар күніне. Шықпасаңыз, сынсаңыз ол да жоқ. Екіншіден, кондукторге төлейміз. Тамағымыз бар. Қалғанын, бұйырғанын үйге аламыз да қайтамыз. Біз үйреніп қалған осы организацияда он жыл болды. Басқа организацияға енді жасымыз да келді. Алмауы да мүмкін.
Ерғали Сарқұлов, жүргізуші:
– Машина ремонттасаң, берген запчастіңнің жартысына жетеді, жартысын өзің аласың. Бізден план сұрайды. План бұрын пандемияның алдында, карантин алдында беріп тұрдық. Болды. Карантиннен кейін базар жабылды, жоқ адамды біз қайдан табамыз?
Жүргізушілердің шағымына тасымалдаушы кәсіпорынның заңгерінен басқа жауап берген ешкім болмады. Оның айтуынша, жұмысшылармен еңбек қатынасы толық жазылған. Ал күн сайынғы түсімнің азаюына орай бұған дейін де оның көлемін төмендету туралы келісілген. Алайда ол талап та бұзылған көрінеді.
Тұрсынбек Қуанышбаев, кәсіпорынның аға заңгері:
– Планның ақшасы түседі, бірақ оны тапсырмайды. «Үйге алып кетеміз», – дейді. Ал бізде келісімшартта үйге алып кетуге болмайды. Айлықтары 65-70 мың қазір. Қосалқы бөлшектерді біздер мемлекеттік мекеме болғасын мемлекеттік тендер арқылы сатып аламыз.
Мемлекет меншігіндегі бұл кәсіпорын күн сайын 17 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жағдайлары қиындай түскен жүргізушілер өз мүдделерін қорғау үшін енді тиісті ұйымдарға да шағым түсірмек ойда. Мәселені реттеу үшін қала әкімдігінің өкілдері де іске араласатын болды.
Қуандық Қасымов, қала әкімінің орынбасары:
– Біздің тарапымыздан ЖКХ бөлімі бар және «ПАТП» серіктестігінің жұмысшылары бар, солармен бірігіп, осы 9-шы маршрутқа байланысты хронометраж жүргізіледі, тексеріледі. Және соның қорытындысымен шешім қабылданады. Бұл жерде бұл кісілер айтып отыр ғой, 10 мың теңге тапсырады. Себебі адамның аздығына байланысты деп. Соны дәлелдеу мақсатында жасалынады.
Бұл мәселенің немен аяқталары әзірге белгісіз. Қалыптасқан жағдайды жан-жақты зерттеу үшін 9-шы бағыттағы автобустардың жүргізушілері уақытша жұмыстан шеттетілген. Олардың орнына өзге жұмысшылар тартылыпты.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков