«Ақтөбе» корпорациясы кеңсесі жобалық басқару жүйесін енгізді
Бұл бастамаға аймақта болған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев оң бағасын берді.
«Ақтөбе» ӘКК өңірге инвестиция тарту жөніндегі бірегей оператор қызметін атқарады. Бүгінде құзырында жалпы құны 178,6 млрд теңге болатын 75 жоба бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен көптеген шараны қолға алған. Нәтижесінде әр жобаның нақты іске асуын қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр.
Әділ Алдашев, «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқармасының басшысы:
- «Протектинг бизнес» жобасы арқасында 15 жоба жүргізіліп жатыр. Инвесторларға, бизнесмендерге олардың құқықтарын қорғап және тез арада жұмысты іске қосуын қолдаймыз.
Бүгінде мұнда облыс әкімдігінің қолдауымен «Ақтөбе хаб» өңірлік даму орталығы құрылған. Қазір оның аясында инвестиция салатын елдермен байланыс орнату міндеті тұр. Ал жобалық кеңсе шеңберінде бірыңғай сандық жүйесі енгізіліп жатыр. Нәтижесінде келер жылдың соңына дейін өңірдегі жобалардың 80% онлайн ортада іске асыру жоспарланып отыр. Заманауи технологияларды белсенді игеру арқылы биылдың өзінде Ақтөбе облысының инвестициялық ахуалы жақсарды.
Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Облыстарыңда инвестицияның көлемі пандемияға қарамай өсіп келе жатыр деп айтуға болады. Ал инвестицияның келуі 10% асты.
Қызмет көрсету түрлерін мейлінше автоматтандырып, адами факторды азайту арқылы сыбайлас жемқорлықтан арылуға болады. Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетте де цифрлық технологиялар жүйесін қолдану күнделікті үрдіске айналған. Мәселен, жыл басынан бері студенттерге қызмет көрсету орталығы арқылы 23 мыңнан астам құжат онлайн рәсімдеген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков