М.Дулатұлының 135 жылдығына орай «Ақ жол» партиясы онлайн конференция өткізді
Осы атаулы күнге орай «Ақ жол» партиясының мұрындық болуымен онлайн конференция өтті. Алаш рухын қаймана қазақтың көгінде қалықтатқан жиынға ғалымдар, тарихшылар мен БАҚ өкілдері қатысып, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы туралы ой өрбітті.
Әке-шешеден ерте айырылды, ХХ ғасырдың басындағы қоғам өмірінің түрлі қиындығын көзімен көрді. Көптің, сол кездегі жаны жомарт қазақтың қамқорлығымен есейді. Содан да болар Міржақып Дулатұлы өмірін ұлтына арнады. Білімге ерекше құштарлығының арқасында қаламынан қазақ тіліндегі тұңғыш роман, пьеса, баллада өмірге келді. Саясаткерлігі, журналистігі, қайраткерлігі тағы бар.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:
- Міржақып Дұлатұлын кеңінен насихаттау керек. Міржақып ағамызға арналған бір кітапты дайындасақ, оны БҰҰ біздің өркениетке жақын елдердің тіліне аударса қандай керемет болар еді.
Сағымбай Жұмағұл, ғалым:
- Тұлғатану мәселесі бүгінгі таңда өзекті деп алып қарайтын болсақ, қазақ тарихындағы Ахмет Ясауи, Әлихан Бөкейхан, Шоқан Уәлиханұлы, Абай, Ахмет Байтұрсынұлының қызметіне тұңғыш баға берген осы Міржақып Дулатұлы болатын.
Есеп құралы, қылмыстық істерді жүргізудің заңы, одан бөлек ақы заңы сипатындағы еңбектері тағы бар. Зерттеушілер ол кезде қазақтың кітабы үш жерден шыққанын айтады. Ол – Орынбор, Ташкент пен Мәскеу қаласы. Міржақып Дұлатұлы соның библиографиялық жинағын жасаған.
Әнес Ғарифолла, ҰҒА академигі:
- Қазақстанда қанша журнал, газет шығатынын Міржақып ағамыз өзі тізіп, жұмысын өзі атқарған деуге болады. Мына арабша жазылған осындай еңбектерді қайтадан шығарған дұрыс шығар деп ойлаймын.
Айта кетейік, тағылымы мол бүгінгі конференция «Ақ жол» партиясының мұрындық болуымен өтті. Ұйым өкілдері осындай жиындар арқылы қазақтың көрнекті тұлғаларын бүгінгі буынның жадында жаңғыртуды мақсат етеді.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы