Алматы облысының шаруалары қойды эмбрионмен ұрықтандыра бастады
«Ауыл» партиясының ұйытқы болуымен өткен жиында саладағы өзекті мәселелер мен инновациялық шаруашылық құру тәсілі талқыланды. Операция жасау арқылы саулық қойдан эмбрион алу жолдары көрсетілді.
Эмбрионмен ұрықтандыру ұсақ малды асылдандырудың ең төте жолы. Сондықтан шаруашылық осы іске ден қойған. Ол үшін трансплантолог Азамат Оразалиев елімізде алған білімін шетелде жетілдіріп келіпті. Білікті маман гемпшир саулығынан эмбрион алып, басқа қойға салып жатыр. Сол арқылы аз уақыт ішінде таза қанды төл алмақ.
Азамат Оразалиев, трансплантолог:
– Табиғи жолмен 12 жылдан аса кетеді. Ал мынаумен биыл трансплантация салсаңыз, таза пародалық қозы аласыз. Бес ай көтереді ғой.
Шаруашылық 200 гектар алқапты сым темірмен қоршап шыққан. Шопан ата төлі соның ішінде жайылып жүр. Яғни қой соңында бұрынғыдай бақташы жүрмейді. Су арнайы құрылғымен, дәнді-дақыл 2 тонналық «жемсандықпен» беріледі. Жайылымдық жер тозып кетпеуі үшін Германиядан әкелінген 25 жылдық шөп егіліп жатыр. «Инновациялық технологияны қолданатын шаруа осындай қожалық санын арттыру үшін ауыл шаруашылығының ғылымына бөлінетін қаржы артуы керек», – деп есептейді.
Алмасбек Садырбаев, шаруашылық жетекшісі:
– Бұл шаруаның алдында ғылым жүру керек. Ал ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға келетін болсақ, ол тамшыдай ғана. Экологияға бәленбай миллиард, қоршаған ортаға бәленбай миллиард, Ұлттық қауіпсіздікке бәленбай миллиард, ал ауыл шаруашылығының ғылымына оның оннан бірі. «Ауыл» партиясының бүгінгі аманаты мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының басым көпшілігі осы ауылға жету керек. Ауыл шаруаларының алдында қазақтың ауыл шаруашылығының ғылымы жүру керек. Сонда ғана біздің ауыл шаруашылығы өзін көрсете алады.
Алматы облысында 4 миллионнан аса қой бар. Соның 15 проценті асыл тұқымды. «Егер эмбрионмен ұрықтандыру технологиясы қолданылса, бес жылдың ішінде бұл көрсеткішті 20 процентке дейін жеткізуге болады», –дейді шаруашылық жетекшісі.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов