Алматы облысында сауда мен экспорт рекорд орнатты
Алматы облысында сауда мен экспорт рекорд орнатты. Бұл туралы Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясында айтылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір өнеркәсібі 6,9% өскенін және бұл көрсеткіш бойынша облыстың республикада бесінші орынға шығуына мүмкіндік бергенін атап өтті. 2024 жылы облыс экономикасына 780 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,5% көп. Сондай-ақ «Алтын таға» ұлттық жобасы аясында 1200 жұмыс орны ашылып, 120 млн доллар тартылатын темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт салынбақ. Алматы облысы Қазақстанның аграрлық секторында жетекші орынды тұрақты иеленіп келеді. Осы ретте облыста құс етін өндіру 114,3 мың тоннаға жетіп, республикадағы жалпы көлемнің үштен бірін құрады.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
-Қолданысқа берілетін тұрғын үй көлемі бойынша 901,3 мың шаршы метр көрсеткішпен елімізде 5-орынға ие болғанымызға қарамастан, кезек азаймай, бүгінгі күні 41,1 мың адамға жетті. Азаматтар үшін 20,7 млрд теңгеге 1304 жалға берілетін пәтер сатып алынады.