Сәтбаев қаласының тұрғындарын сауықтыру бағдарламасы қабылданды
Оны жүзеге асыру үшін 5,5 млрд теңге қажет. Ауқымды жұмысты Қарағанды облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы бірлесіп атқармақ. Сондай-ақ Жезқазған, Балқаш қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың кешенді жоспары пысықталды.
Мамандар сауықтыру бағдарламасын қабылдамас бұрын Сәтбаев қаласында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Медициналық мекемелердің жағдайы мен тұрғындардың денсаулығына кері әсер ететін факторларға әбден талдау жасаған. Осыдан соң үш жылдық жоспар құрылады. Енді екіжақты келісімге сәйкес мұнда жаңа емхана салынып, барлық емдеу мекемесі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Ал жұмыс істеуге келетін жас дәрігерлер үшін жаңа баспана салынады.
Бақтияр Қырықпышев, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС даму жөніндегі директоры:
- Жергілікті атқарушы органдармен бірге барлық бағыт бойынша ахуалды сараладық. Бірқатар зерттеу мен әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Халықты сапалы ауызсумен қамту, тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру, денсаулық сақтау және қоғам қауіпсіздігі сапасын арттыру, осындай жұмыстарды біз бірінші жүргіземіз.
Тұрғындардың денсаулығымен қатар тұрмысын жақсартуға да баса мән беріліп отыр. Ол үшін Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың бес жылдық бағдарламасы қабылданған. Шамамен 55 млрд теңгеге 131 жоба жүзеге аспақ. Мәселен, Жезқазған қаласындағы өткір тұрған ауызсу мәселесі шешілмек.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Есқұла су құбыры 2011 жылдан бастап тоқтап қалды. Енді осы жылы басталды. Екі кезеңін бітірдік. Сәтбаевқа су келді. Келесі жылы бәрі дұрыс болса, Жезқазғанға келеді. Жылына 9 млн куб метр суды сол жақтан алатын боламыз.
Бұған қоса маңызды құжатта газ тарту, жылу жүйесін жаңарту, тұрғындарды апатты үйлерден көшіру, әлеуметтік нысандар салу, экологияны жақсарту жұмыстары да жан-жақты қамтылған.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев