Қарағанды облысында «Тәуелсіздік: Ұлттық бірлік пен мемлекеттің тұтастығы» атты дөңгелек үстел өтті
Биыл Қарағанды облысының экономикасына 680 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 15% жоғары. Өңірде екі үлкен кәсіпорын іске қосылды. Жыл жетістіктері «Тәуелсіздік: Ұлттық бірлік пен мемлекеттің тұтастығы» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде барысында айтылып, түрлі сала озаттары марапатталды.
Қарағанды облысының экономикасы қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіптік өндіріс кеңейтіп, саланың инвестициялық тартымдылығы артты. Облыста биыл полиэтилен құбырлар және болат қазандықтар шығаратын екі үлкен кәсіпорын іске қосылды. Биылғы жылдың осындай жетістіктері дөңгелек үстел барысында қорытындыланды. Мұның барлығы тәуелсіздіктің, елдегі бірлік пен ынтымақтың арқасы.
Әлібек Әлденей, облыс әкімінің орынбасары:
-Өткенді қорытындылау алдағы дамуды жоспарлау үшін керек. Тәуелсіздік күні біз үшін тек мереке емес, біз кімбіз, қандай елміз, қайда барамыз деген мәселелерді ойлау маңызды. Жаһандық саясатта Қазақстанның өз орны, өз айтары бар. Тек соңғы 5 жылда Қазақстанда бес деңгейлі саяси реформалар жүзеге асты.
Облыстың даму көрсеткіштері айтылып, келешегі бағдарланған іс-шараға бірнеше буын өкілдері қатысты. Олардың әрқайсысы өңірдің гүлденуіне үлес қосқан жандар. Мысалы, Асқар Оразбеков шетелде оқи жүріп елге инвестор тартқан азамат. Қазір қаладағы үлкен металлургиялық комбинаттың директоры. Кәсіпорында 300 адам еңбек етеді.
Асқар Оразбеков, кәсіпкер:
-Үлес қосып жатырмыз енді шетелде оқып, жұмыс істегеннен кейін жастармен жиі кездесемін, өз тәжірибеммен бөлісемін. Ең біріншіден маған сол маңызды.
Осылай деп жалынды жыр оқыған ақын Жәлел Шалқар ел тәуелсіздік алған соң қарақалпақ жерінен Қарағандыға көшіп келген. Қазір журналистикада табысты еңбек етіп жүр.
Жәлел Шалқар, ақын:
-Өзімнің атамекенімде, тарихи отанымда жұмыс істеп, еңбек етіп, өніп-өсіп бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайым бар. Соның барлығы осы тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Сондықтан тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Жиын соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан түрлі сала мамандарына құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар