Елімізде дәнді дақылды өңдейтін кәсіпорындардың кейбірі мемлекеттік көмекке мұқтаж
Оның 100-ге жуығы мемлекеттік көмекке мұқтаж. Бұл туралы «Ауыл» партиясының өкілдері мәлімдеді. Шаруаны шатқаяқтатып тұрған экспорт, субсидия, электр қуатының тарифі мәселелері.
Одан бөлек, сары алтынның сыртқа шикізат күйінде кетіп жатқаны кәсіпкерлердің көңілін көншітпейді. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін ұйым мүшелері бірқатар шешімдер ұсынды.
Бұл Ақмола облысындағы қайта түлеген кәсіпорын. Іске қосылғанына 3 жыл болыпты. 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Осы уақыт аралығында 11 мың тоннадай ұн, 10 мың тоннаға жуық макарон өндірген. Орташа есеппен жылына 3750 тонна ұн шығарады. Әсілі әлеуеті екі есе өндіруге толық жетеді. Алайда бидай сұранысы, электр қуатының тарифі мен қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр екен.
Елена Ким, диірмен-макарон комбинатының коммерциялық директоры:
– Біздің бір айтарымыз, Қазақстаннан аз мөлшерде шикізат экспортталса дейміз. Себебі бүгінде Өзбекстан елінде ұн өңдейтін кәсіпорындардың саны күн сайын артып жатыр. Бұл нені білдіреді? Әрине, біздің өнімге бәсеке тудырады. Бұрын шетелге дайын өнімдерді еш кедергісіз жіберетін едік. Қазір өз елдерінде өндіріс ошақтары бар. Бізден алмайды. Одан кейін, тасымал мәселесі де кедергі болып тұр.
Елімізде бұдан бөлек 270-ке жуық зауыт бар. Былтыр барлығы 5-6 миллион тонна дақыл өңдеген. Бұл аз. Себебі біздегі дақылдың басым бөлігі шетелге шикізат күйінде кетіп жатыр. Мәселен, былтыр Өзбекстан мен Тәжікстанға 700 мың тонна ғана ұн жөнелтілген. Ал бидай күйінде 3,5 миллион тонна экспортталыпты.
Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары:
– Тәжіктер мысалы, 95 процент өзінің ішкі сұранысын Қазақстанның ұнымен жабады. Қазір біздің шенеуніктердің ақымақтығының арқасында 95 процент өзінің өнімімен жауып отыр. Тәжіктер. Бірақ оларда бидай пайда болған жоқ. Қазақстанның бидайы. Неге біз сол 3-5 миллионды осы жерде өңдемейміз? Сонда бізде жұмыс орын, сонда бізде салық осының бәрі қалады.
Диқаншылар өз өнімін отандық кәсіпкерлерге өткізсе де ұтылмайды. Тек алақанын ысқылаған делдалдар шетелге шығаруға тырысады. Мұндай олқылықтың жолын кесу үшін «Ауыл» партиясы нақты ұсыныс әзірледі. Орта Азияға тасымалданатын өнімнің 99 проценті біздің теміржол арқылы өтеді. Осыны ескерген ұйым мүшелері енді тарифке қатысты өзгеріс енгізуді жоспарлайды. Яғни шетелге бидай экспорттау үшін тариф құнын 20 процентке көтеріп, ал ұн жөнелту үшін 20 процентке төмендету керек деп есептейді. Сонда ғана есебіміз түгел болмақ.