COVID-19: тағы бір отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеулерден өтті
Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институты жасап шығарған вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық 4 вакцинаны тіркеді. Олар әзірге жалпы қолданысқа үміткерлер қатарында. Вакцинаның екеуін Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институты жасап шығарған. Инактивті иммунды-биологиялық топқа жататын алғашқы вакцина қазіргі уақытта ерікті адамдарға егіліп, әсерлері зерттелуде. Енді, міне, тағы бір вакцина клиникалық жағдайда сынамадан өтуге дайын.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
– Отандық вакцина өндірушілердің зерттеуінен өткеннен кейін мына біз тұрған фармокологиялық сынақтар зертханасына келіп түседі. Бұл жерде мамандар вакцинаны бірнеше көрсеткіштері бойынша зерттейді. Атап айтқанда, клиникаға дейінгі зерттеулер барысында ең бірінші кезекте қауіпсіздігі сыналады. Содан кейін ғана келесі кезең ерікті адамдарға егуге нұсқаулық беріледі.
QazCoVac-P деп аталған жаңа вакцина суббірлікті препараттар тобына жатады. Мұның ерекшелігі – құрамында ауруды қоздырғыштар жоқ. Бұл оның қауіпсіздігін арттырады. Сүттің қоюлығындай вакцина ағзаға бұлшықет арқылы енгізіледі.
Әнсая Ноғайбаева, Фармокологиялық сынақтар зертханасының І санатты маманы:
– Клиникаға дейінгі зерттеулер барысында біз әртүрлі дозаларды жануарларға енгіздік. Салғаннан кейін біз ол жануарлардың белсенділігін қараймыз, көңіл күйі, тамақ ішуі, су ішуі оның бәрі қаралынады. Салмағын өлшеп тұрамыз. Салғанға дейінгі салмағы, салғаннан кейінгі салмағы, бір аптадан кейін азып жатыр ма, қосып жатыр ма, оның бәрі ең соңғы есеп жазғанда сол кезде жазылады.
Зертхана мамандары вакцинаны бір жарым ай бойы түрлі көрсеткіштер бойынша сынамадан өткізген. Тышқандар, егеуқұйрық және теңіз шошқаларына егілген препараттың уыттылығы, аллергиялық, тітіркендіргіш әсерлері толық зерттелген.
Әнсая Ноғайбаева, Фармокологиялық сынақтар зертханасының І санатты мамамны:
– Жануарлардан қан сынамалары, оның ішінде гемотологиялық, биохимиялық қан сынамалары алынды. Осы барлық сынақтардың нәтижелерін қорытындылай келе, COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны адамдарға қолдану қауіпсіз деген қорытындыға келіп, ары қарай клиникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады.
Мамандар зерттеу барысында ешқандай жануарда ауытқу, өлім тіркелмегенін айтады. Зерттеулер нәтижесі бойынша жасалған қорытынды негізінде Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен вакцинаға клиникалық жағдайда сынама жүргізіледі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов