Қостанай облысындағы 12 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады
Нәтижесінде он мыңға жуық адам сапалы ауызсумен қамтылады. Оның сыртында биыл аудан орталығы мен екі ауылға газ құбыры тартылды.
Ирина Глущенко көптен күткен өркениет игілігі үйінде пайда болғанына дән риза. Қысы-жазы шелекпен су тасу тауқыметінен құтылғанына қалай қуанбасын. Енді «ішке кәріз құбырын кіргізіп алсам» деген ойы бар.
Ирина Глущенко, Пешков ауылының тұрғыны:
- Көп қиындық көрдік қой. Сонау Тоғызақтан тасыдық. Кейбіреулер құдық суын тұтынды. Қазір үйімізге кіріп тұр. Рахат.
Әзірге Федоров ауданы халқының 27% ғана орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Жоспар бойынша жақында 12 ауылға су құбыры жеткізіледі. Бұл жобаны жүзеге асыруға 6,5 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.
Карина Мұратова, Федоров аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы:
- Сонымен қатар Первомай және Ленино ауылдарына су құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Соның бәрін қоса есептегенде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту көрсеткішін 27-ден 80% жеткіземіз.
Федоров ауданында автокөлік жолдары да біраз жаңарып қалған. Соңғы үш жылда мұнда аудандық маңызға ие 63 шақырым жол жөндеуден өтті. Тағы 45 шақырым трассаны қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Сонда ауданда қанағаттанарлық күйдегі жолдың үлесі 96% құрайтын болады. Ауыл іші көше жолдары да назардан тыс қалып жатқан жоқ.
Тәуба Исабаев, Федоров ауданының әкімі:
- Он көшенің бойында барлығы 17,2 шақырым асфальт төселді. Айта кету керек, ол жолдар өткен ғасырдың 80-жылдардан бері еш жөндеу көрмеген.
Тағы бір жағымды жаңалық, биыл аудандағы Федоров, Приозерный және Жаркөл ауылдарына табиғи газ тартылды. Бүгінде ауданда көгілдір отын игілігін көріп отырған абоненттердің саны үш мыңға жетті.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг