Хабар телеарнасы

Қостанай облысында бекіре фермасы алғашқы өнімін тұтынушыларға ұсына бастады

Биыл Қостанай облысында 500 тонна шамасында балық ауланған. 2030 жылы бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Өңірде бірнеше инвестициялық жобалар қолға алынған. Солардың бірі бекіре фермасы алғашқы өнімін тұтынушыларға ұсына бастады. 

Кәсіпкер Валентин Ищенко бекіре өсіремін дегенде басында күмәнмен қарағандар да болды. Енді ше, Каспий теңізі мен Жайықта ғана өсіп-өнететін балық түрінің теріскейді жерсініп кетеріне сене қою қиын еді. Алты-жеті жыл бұрын шағын тоғанда шабақтарын өсіріп көрген кәсіпкер былтыр бекіре фермасын салуға бел буыпты. Енді міне 16 бассейінде балықтар ойнақ салып, шоршып жүр.

Валентин Ищенко, кәсіпкер: 

-Бекіренің бес түрін өсіріп жатырмыз. Қазір бізде шабағын қоса есептегенде 3 мыңнан астам балық бар. Басында жылына 20 тонна өндіріп, шығару жоспарымыз болған. Енді 45 тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз.

Бекіре, әдетте су айдынында екі-үш жылда өсіп, жетіледі. Ал жабық жағдайда бір жылдың ішінде тауарлы балыққа айналады. Жақында ферма ішінен шағын цех ашылды. Енді олар балықтан түрлі өнімдер жасауды қолға алған.

Роман Герберсагин, технолог:            

-Қазіргі кезде күніне 500 келі балықты өңдейміз. Келешекте бекіреден 100-ге жуық өнім түрін шығаруды көздеп отырмыз.

Валентин Ищенко, кәсіпкер: 

-Өздеріне таңсық болғандықтан ба, бұл кәсіпті қаржыландыруға банкілер ынта таныта қоймайды. Егер жеңілдетілген несие берсе, үлкен көлемде бекіреден тыс, бақтақ, жайын сияқты балықтарды өсіруге болар еді.

Облыс бойынша 266 су айдыны жеке пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Соның 70-сі тауарлы балық өсірумен айналысады. Олар биыл 500 тоннаға жуық балық өткізуі тиіс. Ал 2030 жылы бұл көлемді 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

Маржангүл Дәндібаева, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы:

-Аква өсірумен айналысатын шараушылықтарға. 212903 өнімнің сапасын арттыру бойынша субсидиялар қарастырылған 50% мөлшерінде. Ал инвестициялық салымдар кезінде 25% субсидияланады шығындары. Сосын Үкімет тарапынан тағы да льготная кредитование жеңілдік қарастылыған 2,5%.

Бекіре фермасында он адам жұмыспен қамтылған. Алғашқы өнімдерін облыс аумағында өткізіп жатыр. Қазақстанның өзге өңірлерінен де сұраныс түсіпті. «Егер одан әрі дамытсақ, экспортқа да шығар мүмкіндігіміз бар»,– дейді кәсіпкер.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг