Басынған барымташылар: Елімізде мал ұрлығы үдеп барады
Бап қатаңдатылды, жаза күшейді. Бірақ қылмыс азаймай тұр. Біздің редакцияға шығысқазақстандық шаруалар жиі хабарласатын болды. Астана маңында да барымташылық азаймай тұр.
Азат хабарласқан Көкбастау ауылының күз түссе, керісінше, берекесі қашады. Жаз бойы жайылымда жүріп, қоң жинаған мал қолды болады. Жыл сайын осы. Биыл тіпті үдеп кеткен.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Соңғы он айда ел бойынша мал ұрлаудың мыңнан астам дерегі тіркелген. Бұл әр айға шаққанда ай сайын Қазақстан бойынша жүзден астам мал ұрлау фактісі анықталып отыр деген сөз. Бұл аз ба, көп пе? Күндіз өрістен, түнде қорадан. Астана іргесіндегі Астрахан ауданының тұрғындары да барымташылардың басынып бара жатқанын айтады.
Мейрам Асылбеков аудандық полицияда тергеуші болып істейді. Он жылдық жұмыс тәжірибесінде ұрлықтың сан түрін көрді. Бірақ осы күзде ауылда тіркелген мал ұрлығы үлкен резонанс тудырды.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Дәл қазір біз осы ауданға қарасты Новочеркасская ауылына бара жатырмыз. Осы күзде осы ауылдың тұрғынының бес бірдей сиырын, тапа тал түсте жайылымда жүрген жерінде мылтықпен атып, ішек-қарнын ақтарып, етін алып кеткен. Ауыл тұрғындары бұрын соңғы дәл мұндай малға қатысты қатігездікті көрмегендерін де, естімегендерін де айтады.
Бес сиырын бірдей жоғалтқан Станислав Лацарус жұмыс істемейді, кәрі шешесі екеуі малға қарап отыр. Жоспары төл басын көбейтіп, ақ өндіру еді.
Станислав Лацарус, Новочеркасск ауылының тұрғыны:
- Я планировал купить доильный аппарат чтобы продовать молоко, сливки и сметану.
Тал түсте өзгенің түлігін мылтықпен атып, ішек-қарнын ақтарып, етін алып кеткендер ұсталды. Төрт адамнан тұратын қылмыстық топ ұрланған етті астанадағы базарлардың біріне өткізіп отырған.
Талғат Сақанов, Астрахан аудандық полиция бөлімінің басшысы:
- Олар бағусыз қалған малдарды аңдып, кездесе қалса, атып түсіріп, терісін сыпырып, етін салып алып кетіп отырған. Және олар бұл іске құнығып алғаны сонша, бір малды союға 15 минуттан артық уақыт жұмсамаған. Сосын ол етті Нұр-Сұлтандағы ет базарларының біріне өткізген.
Күндіз өрістен, түнде қорадан. Анар Үркімбаеваның үбірлі-шүбірлі төрт баласы бар, тұтас бір отбасы 5-6 ұсақ тұяққа қарап отыр. Оның өзі қорада тұрып, қолды бола жаздады.
Анар Үркімбаева, Лозовое ауылының тұрғыны:
- Қораның екі есігі де ашық тұр. Кірсек малдар жоқ. Өзі жеті қой. Екі есікті бұзып қорадан алып кетіп отыр.
Абырой болғанда Анардың малы табылды. Ауылдың жұмыс істемейтін жастары ұстап алып, сатып жібермекші болған. Қайтқан малда қайыр бар, отағасы қойын ұрлағандарды заң бойынша жазалаған жоқ. Ал полиция енді малын қараусыз қалдырған мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартатын болды.
Құдияр Нұрсейітов, ҚР ІІМ криминалдық Полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне жаңа бапқа өзгерістер енгізілді. 408-бап, яғни малды қараусыз қалдырғанда мал иесіне 3-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Мал ашуы – жан ашуы. Станиславтың сиырын ұрлағандар қазір қамауда отыр. Олар он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ мұнымен сол малды күтіп-баптауға жоғалтқан жиырма жылы оралмай, жоспары орындалмайды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Дана Мырзатай