Атырау облысына қарасты Үштаған ауылын құм басу қаупі төніп тұр
Мамандар құмға өсімдіктер егу арқылы оның алдын алуға болатынын дәлелдеді. Бірақ іс мардымсыз. Ауыл шетіндегі Ережеповтер отбасының күнделікті тірлігі құм күреуден басталады. Ақтолқын мен баласы Бекзат екеуінің қызыл құммен алысқанына біраз жыл болыпты. «Қыс-жазы тоқтаусыз жылжып келе жатқан апат үйімізді жұтып қоя ма?», – деп қорқады.
Ақтолқын Ережепова, Үштаған ауылының тұрғыны:
– Қазір енді құм үйге кіріп тұр. Үй ылғал тартады. Қабырғаны түсіріп тастайды. Білмеймін, апатты жағдайда тұрмыз енді.
Бұл – Үштаған ауылындағы 145 отбасының басындағы ортақ қиындық. Әсіресе шығыс беттегі 7-8 үйдің жағдайы аса ауыр. Бірақ үштағандықтарды үйренген орындарынан көшкісі жоқ. Себебі қиыр жайлап, шет қонған ауыл тұрғындары құмды өңірдің мал ұстауға қолайлы екенін айтады.
Балғаным Қапанқызы, көпбалалы ана:
– Суы тегін, жердің астынан шығып жатыр. Отынымыз тегін, даладан келіп жатыр. Құдайға шүкір газ де келді. Былай орнымыз жақсы, отыруға. Тек бізді қинайтыны мына – қызыл құм. Жол. Басқа жақтан таситын тамақ, қатынас солардың жолы қиын болып тұр.
Арыстанбек Кенже, тілші:
– Үштаған ауылының еспе құммен алысқанына биыл төртінші жыл. Тек биылдың өзінде құм шағыл ауылға 35-40 метр екпіндей енген. Қазір көріп тұрсыздар, биіктігі тұрғын үйлермен бірдей. Бұрын Кеңестер заманында құмды тоқтату үшін тал-теректер отырғызылған екен. Алайда сол жұмыстар соңғы 10-15 жылда тоқтап қалған. Салдарынан міне, электр бағандарының өзі қисайып зорға тұр.
Қадіржан Арыстан, Табиғи ресрустарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
– Аудан әкімдігімен ол жер зерделеніп, 33,8 гектар жерге құм тоқтату жұмыстарын жүргізуге келісілді. Он гектарына жерге орналастыру жұмыстарын жобасын жасақтап жатырмыз. Жеке кәсіпкер Өтепқалиев деген 1,200 миллион теңгеге айналысып жатыр. Сексеуіл егіп, құм тоқтату жұмыстарына кірісеміз.
Сексеуіл – қызыл құмға өте төзімді өсімдік. Әрі оны тоқтататын бірден-бір амал. Бұған дейін Атырау облысының Жылыой, Қызылқоға аудандарындағы құм көшкінін қарсы отырғызылған өскіндер жап-жақсы нәтиже беріпті. Енді жергілікті билік осы әдісті Үштағанға да қолданып көрмек.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов