Атырауда қырдағы шаруа малына түз тағысы қырғидай тиіп жатыр
Атырау облысы Азғыр өңіріндегі мал шаруашылықтары құм қасқырларынан зардап шегіп отыр. Қиыр қонып, шет жайлап жүрген шопандардың от қаруларын полицейлер жинап алған. Мылтықсыз қалған қойшыларды түз тағыларының басынғаны сонша алдарындағы малды тартып жей бастапты. Өткен 4 айда асыл тұқымды қой өсірушілерден 32 бас мал шығын болған. Жұқпалы індетке байланысты қырға қатынас сиреді. Шаруашылықта экспортқа жөнелтілетін асыл тұқымды еділбай қойы бағылатындықтан, мал басы қымбат. Саулық қой – 60 мың, қошқары 120 мың теңге тұрады. «Оны төлеуге, шашымыз шақ келмейді», – дейді қарусыз қалған қойшылар.
Аманғали Ғаббасов, асыл тұқымды қой зауытының шопаны:
– Күні кеше ғана қасқыр шауып, бір бас қойды тартып жеп кетті. Оны қалай етеміз? Мылтық жоқ ататын. Жинап алып кетті. Енді кері алайық десек, қырғын құжат керек. Малды төлетеді, нанбайды. Мал бағу қиындап барады.