Хабар телеарнасы

Жайық өзенінің деңгейі күн сайын көтеріліп барады

Осыған байланысты қазір Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Индер ауданында су деңгейі бір тәулікте 38 сантиметрге көтерілген. Ауызсуды Жайық өзенінен алып отырған аудан қазір судан сынама алып, үнемі бақылап отыр. 

Индер ауданында қазір су деңгейі 797 сантиметрге жетті. Қауіпті межеге жарты метрдей қалды. «Дегенмен 11 метрге дейін көтерілген бөгеттердің арқасында жауаптылар мол суға төтеп береміз»,— деп отыр. Қазір тасқын сумен бірге томар мен түрлі қоқыс та келіп жатыр. Ауызсуды Жайықтан алып отырған аудан ағып келген ағаштар мен басқа да заттарды тазартуда. Өйткені су сору станциясы істен шықса, аудан халқы ауызсусыз қалады.

Телман Ерғазиев, Индерсу мекемесінің бас инженері:
-Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлерінен 10 қызметкер және Индерсу қызметкерлерінен 6 қызметкер, жалпы 16 қызметкер болып жұмысымызды атқарып жатырмыз. Бірінші көтерілімге, пантонға келіп томарлар келіп соққанда трубаларды жұлып кетуі мүмкін. Соны алдын алып, болдырмау үшін толықтай тазалап қайықпен, сондай жұмыстар атқарып жатырмыз.

Қазір ауданда судың сапасы да бақылауда. Сынамалары да үнемі алынып отыр. «Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ»,— дейді мамандар.

Айгүл Құбашева, технолог:
-Жалпы ешқандай қазір қауіп жоқ. Тексеріліп отыр. Атырауға жіберіп отырмыз сынама. Лаборанттар сағат сайын анализ қарайды. Хлор қалдығын тексереді. Сағат сайын түсін қарайды, лайлылығын қарайды.

Өңірге мол судың келуіне байланысты қазір Махамбет ауданындағы жедел штаб күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бүгін ондағы су деңгейі 814 сантиметрге жеткен. Ал қауіпті меже - 850 сантиметр. Қазір бөгеттерде кезекшілік ұйымдастырылған. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин