Ақтөбеде 250-ге тарта жұмысшы далада қалуы мүмкін
Бұған тапсырыс беруші компанияның талабы түрткі болған. Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші мекеме зауытқа Жаңаөзеннен жаңа жұмыс орындарын ашуды міндеттепті. Яғни Ақтөбе қаласында орналасқан зауыт толығымен Каспийдің жағасына көшірілуі тиіс.
Зауытта 250-ге жуық маман еңбек етеді. Мұнайды жер бетіне шығаратын сорғылау қарнағын жасайды. Өндіріс орнының елімізде баламасы жоқ. Енді жиырма жылдай Қазақстан нарығын қамтамасыз етіп келе жатқан зауыт жақын уақытта жұмысын тоқтатуы мүмкін.
Серік Әсеменов, зауыт жұмысшысы:
– Тым жақсы істеп тұрған зауытты ыдыратып жіберіп, басқаларға жұмыс беру керек қой енді. Бізді қазір таратып жіберсе, қайда барамыз? Зейнеткерлік демалысқа шығуыма екі жыл қалды. Бір жыл қалғандар бар, жарты жыл қалғандар бар қайда барамыз біз? Бізді кім алады? Соны мен түсінбеймін.
Қайдар Мұстафин, зауыт жұмысшысы:
– Қаншама адамдар бізде отбасымен жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы қалай күн көреді? Осындай қысылтаяң уақытта, пандемияның уақытында кім жұмыс табады? Ешкім ешқандай жерден жұмыс таба алмайды.
Зауыт басшылығының айтуынша, өндіріс орнының негізгі тұтынушы компаниясы бірнеше күн бұрын жаңа келісімшарт жолдаған. Оған сәйкес, үш жылдық тапсырысқа қол жеткізу үшін Жаңаөзен қаласында 155 жұмыс орнын ашу міндеттелген. Яғни Ақтөбедегі зауыттың құрал-жабдықтарын толығымен Маңғыстау облысына көшіріп, сол өңірдің тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету керек.
Гасал Мусин, зауыттың бас директоры:
– Міне, 155 жұмысшының лауазымы көрсетілген тізім. Жаңаөзен әкімдігі мен «Атамекен» палатасының, «Самұрық-Қазына» өкілдерінің қолы қойылып келісілген құжат. Оған сәйкес мен Ақтөбедегі зауытты бұзып, Жаңаөзенге көшіруім керек. Яғни Маңғыстау облысындағы әкімшілік өңірдегі әлеуметтік мәселелерді осылайша шешуді жөн көрген. Ал қазіргі жұмысшыларды қайда жіберемін?
Зауыт өкілдері мәселеге қатысты шешімін 4 желтоқсан күні жеткізуі тиіс. Жаңа талаптардан бас тартса, келісімшарттан құр қалып, өндірісті 4 есе азайтуға тура келеді. Жұмысшы саны да қысқармақ. Сондықтан кәсіпорын өкілдері жергілікті әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Қайрат Бекенов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
– Бүгінгі шығарылатын тауар ол тек қана бір аудан, не болмаса бір ғана қалаға тапсырылатын тауар емес. Ол жалпы біздің мемлекетіміздің барлық өңірлеріне, мұнай шығаратын аудандарға, өңірлерге жіберілетін тауар. Сондықтан экономикалық тұрғыдан көшуге қазір тиімсіз. Әріптестермен бүгін сөйлестік. Толығымен қолдау бар. «Самұрұқ-Қазына» және «Атамекен» тарапынан және де біз осы селекторлық байланыстан кейін бұл мәселеге толығымен нүкте қоямыз деп ойлаймын.
Иә, іргелі кәсіпорынды көшіру мәселесі жергілікті билік өкілдерін де ойландырып отыр. Алайда олар: «Нарықты отандық өніммен қамтамасыз ететін өндіріс орнын қолдаусыз қалдырмаймыз», – деп отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков