Хабар телеарнасы

Бекқұл баба елді мекенінің тұрғындары балабақшада жылу жоқ деп дабыл қақты

Балабақшаға барған бала сау қайтпайды. Ақтөбенің іргесіндегі Бекқұл баба ауылы тұрғындары мектепке дейінгі мекеме ғимараты салқын дейді. Күз басталғалы бүлдіршіндердің дені тұмауратып, тіпті ауруханаға жатқызылғандары да аз болмаған. Тәрбиешілер ата-аналардан бүрсең қаққан балаларды қымтайтын қосымша көрпе-төсек сұратқан. 

Балалардың жай-күйін көрмек боп жиылған бір топ ата-ана балабақшаның есігінің алдынан қайтты. Жеке мекемеге сырттан адам баласын кіргізбейді. Тіпті бауыр еті баласын көруге де рұқсат жоқ. Ал ғимараттың суық екендігін тәрбиешілер хабарлаған.

Айнұр Қабылтаева, Бекқұл баба ауылының тұрғыны: 

-Күн салқындады, қазан айынан бастап балалардың барлығы ауырып бастады. Әсіресе менің балаларым қазан, қараша, желтоқсан, үш ай қатарынан ауруханаға жатып шықтық. Диагноздары - пневмония мен острый бронхит. Салқыннан болады. Апайларына не керек «Балаларыңызды жылы киіндіріңіз, қалың киіндіріңіз. Іш салқын»,– деп ескертіп жатыр ғой.

Бұл ғимарат бұрын мектеп болған. Кейін жекенің қолына өтіп, артынша қаңырап та тұрды. Соңғы жылдары ғана балабақша ашылып, мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетіп келеді. Мекеме меңгерушісі ғимараттың жылыту жүйесі жақында жөнделгенін айтты. «Бөлмелер де айтарлықтай суық емес»,– дейді. Дегенмен жүзге жуық баланың үштен бірі сырқаттанып, бүгін балабақшаға келмеген.

Шарбану Оразбаева, балабақша меңгерушісі:

-Бізде стандартқа сай 95 бала бар. Бірақ біздерге қазір 94 бала келіп жүр. Қазіргі жағдайда мына Ақтөбе балабақшасы бойынша қазір 60 бала балабақшада іште отыр.

Балабақша бөлмелеріндегі ауа температурасы 23-25 градус болуы тиіс. Алайда «Ақбота» мектепке дейінгі мекемесінде бұл талаптың орындалмай тұрғандығын қалалық білім бөлімінің басшысы Әліби Латып та растап отыр.

Әліби Латып, қалалық білім бөлімінің басшысы:

-Ата-аналардың арыз-шағымын аламыз. Соның негізінде комиссия құрып, келіп тағы бір қарап, әрі қарай бұл балабақша жұмыс жасай ма, жасамай ма сол мәселені біз шешуіміз керекпіз. Бұл енді жеке мекеме ғой. Құрылтайшысы бұл мәселені шешпесе әрі қарай бұл үлкен сұрақ болып тұр.

Тексеру қорытындысы бір аптадан кейін мәлім болады. Егер ғимарат іші салқын деп танылса, ауылдағы жалғыз балабақша жабылғалы тұр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов