Ақтауға аққулардың алғашқы легі ұшып келді
Көк айдында жүзген аққуларға қала тұрғындары нан берсе, енді бірі суретке түсіруде. Ақтау өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері құс төресінің тұрақты мекеніне айналған. Алғашында қала іргесіндегі Қаракөлге 30 мыңдай аққу ұшып келген еді. Кейін азық іздеп, қалаға қарай ағыла бастады. Қанаттылар топ болып жиналғанда ерекше үн шығарып, халыққа керемет көңіл-күй сыйлайды. Қар сирек түсетін Ақтау үшін қыстың сәні қар емес, осы аққулар. Тұрғындардың мезгілі жетсе құстың жолын тосатыны да сондықтан.
Салтанат Бердібек, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Ақтаулықтар аққуды асыға күтеміз. Қыстың сәні. Әсіресе балалар қатты күтеді. Ұшып келгенін естіген бойда балаларымызбен жағалауға барып, қолымыздан тамақтандырамыз. Көңіл-күйімізді көтереді. Жұмыстан шыға салып, аққуларға бардық. Аққу құсы – жақсылықтың нышаны. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, қуанышымыз көп болсын!
Жанна Бөлтекова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Аққудың Ақтауға келуін жыл сайын асыға күтеміз. Балаларымызбен қызықтаймыз. Аққу – киелі құс, сұлулықтың символы. Қаламыздың көркіне ерекше сән беріп тұр.