Ақтаулық дәрігерлер жаңа туған сәбидің өмірін сақтап қалды
Ақтау дәрігерлері туғанына бір күн болған шақалақтың өмірін сақтап қалды. Бала жатырда жатқанда ішектері денесінің сыртына біткені анықталған. Табиғи жолмен дүниеге келген сәбиге 12 сағаттан кейін күрделі операция жасалды. Екі сағатқа созылған ота ойдағыдай аяқталып, нәресте анасымен қайта қауышты. Медицина қызметкерлері қазір оның өміріне қауіп жоқ,- дейді.
Айта кеткен жөн, Ақтаудағы көпбейінді балалар ауруханасының дәрігерлері биыл осындай екі операция жасаған.
Насухан Отарғазиев, көпбейінді балалар ауруханасының хирург дәрігері:
- Әрине, бұл өте қиын операция. Алғашында өте үлкен риск болды баланы операцияға алуға. Диаметрі үлкен ішектерді орнына орналастыру. Қалпына келе ме, келмей ме дегендей. Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай. Ұжымдық жұмыстың арқасында баланың өмірі аман-сау алып қалынды.
Маржан Қарасаева, қала тұрғыны:
- Біз үшін күтпеген жағдай болды. Естімедік ондай затты. Артынан зерттеп қарасақ, ондай сәтті шыққан операциялар жоқтың қасы екен. Келгенімізде бізге үміт сыйлады. Алғысымды айтқым келеді ана ретінде, әже ретінде.