Хабар телеарнасы

Премьер-министр Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

Энергия жетіспеушілігі – біздің елде де өткір тұрған мәселенің бірі. Мысалы, Ақтөбе облысында 451 мегаватт электр энергиясы тапшы. Қуат көзінің бір бөлігі Ресей мен Қазақстанның солтүстік өңірлерінен тасымалданады.

Еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапары аясында өңірдегі кәсіпорындардың өндірістік қуатымен танысып, Мемлекет басшысының Жолдауда алға қойған міндеттердің жүзеге асырылу барысын тексерді.

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы «Бадамша» және «Бадамша-2» жел электр станциялары жылына шамамен 195 ГВт/сағат энергия өндіреді. Бұл 37 мың үй шаруашылығын қуат көзімен қамтамассыз етуге жетеді. Алайда сарапшылар: «Баламалы қуат көздерімен қатар тұрақты энергетика мәселесін шешу қажет»,- дейді. Себебі «жасыл» энергия үлесі елімізде өндірілетін қуат көзінің 6%-не ғана тең.

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Болжам бойынша болашақта 2035-жылға дейін 150 млрдтан астам квт/сағаттан астам энергия керек болады. Ал біздің бар электр станцияларымыз оны толық қамтамассыз ету мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз диверсификация жасауымыз керек. Оның бір жолы атом электр станциясын салу мәселесі. Сондықтан ол өте үлкен, тұрақты, базалық режимде істейтін, тиімділігі жоғары 90% энергия.

Ел Президенті өз Жолдауында өнеркәсіптік әлеуетті толық пайдалану үшін шикізатты терең өңдеуге басымдық беру қажет деген болатын. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында бұл саланы да назардан тыс қалдырмады. «Ақтөбе рельс-арқалық» зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын жылына 430 мың тоннаға дейін темір жол рельстері мен басқа да өнімдер шығарады. Премьер-министр коммуналдық шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар мен бұйым түрлерін шығаратын өндіріс орнына да барды. 

Дмитрий Шрамко, компанияның бас директоры:

- Біз сауда-саттықтан бастадық. Қазір өндіріске келіп отырмыз. Бұл зауыт нарықтағы коммуналдық шаруашылықты қажетті өніммен қамтамасыз ету үшін ашылған болатын. Сорғылау станциялары, кәріз жүйесінің сорғылау станциялары, су тазарту жүйелері мен жылыту пункттерін жасап шығарамыз.

Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында Бадамша ауылындағы орта мектеп жұмысымен де танысты. Бұл оқу ордасы «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына енген.

Айна Дүйсекова, №2 Бадамша орта мектебінің директоры:

- «Қазақстан халқына» қорынан 250 млн-ға жаңа жиһаздар және жаңа құралдар келді. 25 кабинет толық жабдықталған. Оның нәтижесін біздер міне, бір жылдан кейін көріп отырмыз. Білім сапасы өсті бізде.

Президент тапсырмаларын орындау мақсатында еліміздегі шағын қалалар мен ауылдағы мыңға жуық мектеп жаңғыртылып, мың жарымнан астам кабинет жабдықталды.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов