Төле би ауданының ең биік таулы аймағында су электр станциясы салынды
Қазір станция тестілеу режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл су электр станциясының өндірістік қуаттылығы – 2,5 Мегаватт. Қыста судың аздығынан 1 Мегаватт электр қуатын өндіреді. Алынған жарық электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық компанияға 18 теңгеден өткізіледі. Шағын су электр станциясына қуат алу үшін секундына 9 текше метр су қажет. Қазіргі уақытта соның тек 3 текше метрін пайдаланып отыр.
Ермек Сарбасов, су электр станциясының директоры:
– Бұл жер таулы аймақ болғаннан кейін жоғарыдағы каналдарды қазған кезде тас, жар, құз дегендей көп қиыншылықтар болды. Сондықтан құрылыстың өзі де 4 жылға созылды.
120 мыңнан астам халқы бар Төле би ауданы алдағы 5 жылда өздерінде өндірілген электр қуатымен толық қамтылады. Осы мақсатта аймақта бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Сайрамсу мен Қасқасу өзенінің бойынан алты шағын су электр станциясы салынады.
Айнұр Жарымбетова, Төле би аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
– Аудан бізде таулы аймақта орналасқан. Сулардың, таулы өзендердің қуаттылығын пайдаланып, бізде ауданда мүмкіндік бар осы саланы ары қарай дамытуға. Жоспарда бірнеше жобалар бар. Бүгінгі таңда бізде мысалы, бірнеше инвесторлар келіп қызығушылық танытып жатыр. Олар қажетті жобаға құжаттарын дайындап, жер мәселесін пысықтап шешіп жатыр.
Бұл жобалардың барлығы іске қосылған кезде жылына 30 МВт-қа жуық электр қуаты өндіріледі. Айта кетейік, бүгінде ауданда шамамен 20-25 МВт электр қуаты тұтынылады.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов