Қарағандыда тұрмыстық жемқорлыққа жол бергендер жаппай жазаланады
Мұндай жобаның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу.
Әр күн сайын 100-ге жуық полиция қызметкері кезекшілікке шығып, қоғамның тыныштығын күзетеді. Өкінішке қарай, қаламызда тәртіп бұзатындар қатары азаймай тұр. Тәулік ішінде шамамен 100-ге жуық шақырту болады екен. Енді оның барлығына тәртіп сақшылары қоғам белсенділерімен «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірге барады.
Ғабит Ділмағанбетов, Қарағанды қалалық Полиция басқармасы басшысының орынбасары:
– Жобаның негізгі мақсаты – Қарағанды қаласының Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету және өкілдер тарапынан қоғамдық бақылау болып табылады. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетін болады.
Тәртіп бұзғандардың көпшілігі ұсталған кезде жазадан қашып, пара беретіні жасырын емес. Осылайша өзінің Заң бұзғанымен қоймай, полиция қызметкерлерін де қылмысқа итермелейді. Бір айлық шараның мақсаты – осы олқылықтың жолын кесу, алдын алу.
Олжас Бурханов, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының орынбасары:
– Мұндай жағдайлар анықталатын болса, тиісті заңнамаға сәйкес, егер де ол әкімшілік заң бұзушылық болса, әкімшілік жауапкершілікке, қылмыстық көрініс болатын болса, онда Қылмыстық Кодекспен қылмыстық жауапқа тартылатын болады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, құқық бұзушылық әрекеттер әсіресе, кешкі сағат 17:00-мен түнгі 01:00-дің арасында көптеп тіркеледі. «Сондықтан кезекшілікке шыққанда осы уақытқа басымдық береміз», – дейді жоба қатысушылары.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев