БҚО-да браконьерлермен күрес күшейді
Құзырлы орган мамандарынан жедел топтар жасақталып, далада жаңа автономды станция ашылды. Алдағы уақытта киіктерді бақылауда ұстауға арналған мемлекеттік табиғи резерват құру көзделіп отыр.
Ақбөкендердің Орал популяциясы оңалып келеді. Жайық өңірінде мекендейтін ашатұяқтылардың саны былтыр 217 мың болды. Биыл пандемияға байланысты әуеден киік санағы жүргізілмегенімен, мамандар біраз өсім болатынына сенімді. Алайда оңай олжаны көздеп, киелі жануарды аулайтын браконьерлер айылын жиятын емес. Ағымдағы жылы киік ату және дериваттарын сақтау бойынша 37 қылмыстық іс тіркелген.
Арман Ізімғалиев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының жетекші маманы:
– 8 адам 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасымен қылмыстық жауапқа тартылған болатын. Жыл басынан бастап облыс бойынша 483 атылған киіктердің төшкелері табылған болатын. Браконьерлерден 2 мыңнан астам мүйіз тәркіленді.
Қазір браконьерлерге қарсы күрес шараларына құзырлы инспекция, Полиция департаменті және шекара қызметінің сақшылары бірлесе атсалысып жатыр.
Жандос Абылханов, мемлекеттік инспектор:
– Шамамен әр 40 мың гектарда 50 мың, 60 мың киік жүреді. Қыс кезінде қатты қар түсіп кетіп жатса, мына Орда жағында құм бар Қызылқұм, сол жылы жерге қарай кетеді. Соның артынан жүріп отырамыз.
Бұрын жедел топтар кезекпен 15 күн бойы далада жүріп, жүк көліктеріне қонатын. Енді сақшылар жылы әрі жайлы орында тұрады. Қазталов ауданының орталығынан 50 шақырым қашықтықта жылжымалы станция құрылды. Мұнда асхана мен жатын орыннан бөлек, жанармай бекеті, техникалық қызмет алаңы және операторлық бөлме қарастырылған.
Арман Қожахметов, «Охотзоопром» РМҚК БҚО филиалы директорының орынбасары:
– Қазір гон жүріп жатыр. Гон мына жерден 110 шақырым жерден. Сондықтан станцияны ортаға қойып тастадық, ыңғайлы жерге. Мына жерден енді, былай қарасақ, тіке Орда да жақын, Жаңақала да жақын.
Алдағы уақытта ақбөкендерді қорғап, санын арттыру мақсатында жалпы көлемі 343 мың га болатын «Бөкейорда» мемлекеттік резерватын, сонымен қатар дәл осындай аумақта «Ащыөзек» табиғи қаумалын құру көзделген. Жобалар жан-жақты пысықталып жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов