Алматы облысы елді мекеніндегі білім ордасының жағдайы сын көтермейді
Кеңес одағының батыры Олег Кошевой атындағы бұл мектеп өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Ескі үлгідегі білім ордасының әбден тозығы жетіп, терезелерінен жел гулеп тұр. Едені сынып, ағаштары шіріп жатыр.
Маргарита Крюкова, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:
- Мектеп ескі. Біздің немерелеріміз қазіргі талапқа сай мектепте оқыса екен. Жаңа құрылғыларды қолданып, олардың білімге деген ынтасын арттырса дейміз. Қазір олардың бірі де жоқ.
Ауданда 30-дан аса білім мекемесі бар. Осы күнге дейін оның он шақтысы күрделі жөндеуден өтіпті. Қалғандарын қалпына келтіру үшін бес жылдық жоспар жасалған.
Шолпан Жақанова, Ескелді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
- 2025 жылға дейін бізде бес мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Себебі ол жерде бала саны 200-ден жоғары. Негізгі орта мектеп Олег Кошевой атындағы мектепте бала саны 94-ті құрайды. Сол себептен олар кейінге шегеріліп отыр. Күрделі жөндеу жұмыстары кезегімен кейінірек өткізіледі.
Тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеп, көшелерді жарықтандырып беруді де сұрап отыр.
Сламғазы Пұтан, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:
- Мына көшеде балаларға жарық жоқ. Қазір енді онлайн оқып жатыр. Әйтпесе Қарабұлақта оқиды. Кейде жаяу қайтады. Сол кезде алаңдайсың.
Евгений Кумарбаев, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:
- Ауылға кіретін негізгі жолымыз жыл сайын кеңейгеннің орнына тарылып барады. Енді жалғыз аяқ жол болғанда велосипедпен жүреміз. Жан жағындағы бұталарды кесіп, шөптерді жұлу керек.
Еліздер Серікбаев, Ескелді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Ешкіөлместе биыл екі Шкалова, Шереметьова көшелерінде асфальт салынды. Келесі жылға тағы да қосамыз. Негізгі көшелер Қарабұлақтан басталады. Оның келесі жылы біз жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, арғы жылға құрылыс жұмыстарын жоспарлап отырмыз.
Әкімдік өкілінің айтуынша, биыл аудан жолдарын жөндеуге 1 млрд теңге бөлініпті. Ал келесі жылға 400 млн теңге қарастырылған екен.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев