Тәуелсіздік күні қарсаңында республикалық жалпыхалықтық онлайн-диктант өтеді
Бұл – бұрынғы біз білетін диктанттың жаңа нұсқасы. Сол нұсқа жаңартылып, тек ескі ережелерге жаңа мүмкіндіктер қосылды. Енді қазақ тіліне құрметпен қарайтын әр азамат үйде отырып-ақ, диктант жазып өз бағасын алады. Ол үшін не істеу керек? Бар болғаны сайтқа тіркеліп, онлайн-диктант жазуға өтініш тастау қажет. Ал диктантты үздік жазған бес адам сыйлыққа смартфон алады.
Жалпыхалықтық онлайн-диктант жазу – қазақ тілді аудиторияны сапалы ақпаратпен қамтып отырған Stan.kz ақпараттық агенттігінің жаңа жобасы. Әрине бұл жобаның басты мақсаты – ана тіліміздің мәртебесін арттырып, оның қатесіз, сауатты жазылуына үлкен мән беру.
Айсұлу Мұстапаева, Stan.kz ақпарат агенттігінің даму жөніндегі директоры:
- Бұл жобаға қазақ тілін білетін әрбір қазақстандық қатыса алады. Шетелде болатын қазақтар болса, қазақ тілін білсе, олар қатыса алады. 15 желтоқсан күні таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 20-00-ге дейін Stan.kz сайытына кіріп, таңертен тіркеуден өткеннен кейін барып, олар диктантты жаза алады.
Онлайн-диктант алдын ала жазылған бейнежазба түрінде беріледі. Көлемі шамамен бір бет болатын диктантты еліміздің танымал журналистері мен ұстаздары оқиды.
Айсұлу Мұстапаева, Stan.kz ақпарат агенттігінің даму жөніндегі директоры:
- Диктанттың тақырыбы «Асар» деген қазақ халқының керемет бір дәстүріне байланысты болады және де бір жағынан осы жыл волонтерлер жылы болғандықтан, соған да байланысты болып келеді. Мәтіннің күрделілігі, әрине, 1-сынып оқушыларына арналмаған. Бірақ оған кез келген оқушы, студент, кез келген адам, апа-әжелерімізге дейін қатыса алады.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық жалпыхалықтық диктантты сауатты жазған бес адам жеңімпаз атанып, оларға қымбат смартфон сыйға тартылады. «Өзге де жеңімпаздарға атаулы сертификаттар бар», – дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев