Қызылордалық оқушы жасанды интеллектті қазақша сөйлетті
Қызылордалық оқушы Асылжан Абдуллаев жасанды интелектіні қазақша сөйлетті. Оның «Қазақ GPT» деп аталатын жобасы шетелдік сарапшылардың да қызығушылығын тудырып отыр. Жасанды интеллект бұйрықты бұлжытпай орындайды. Сурет салады, дыбыстап жауап береді, мәтін жазады, тіпті есеп те шығарады. Ең бастысы, қазақ тіліндегі кез келген сауалға жауап алуға болады. 16 жастағы бозбала жасаған жобаның артықшылығы осы. Бұл бағдарламаны смартфонда да пайдалануға болады.
Асылжан Абдуллаев, жоба авторы:
-Рендел Брюнс деген Қазақстандағы АҚШ-тың стратегиялық эдвайзері бар. Сол кісінің алдында қорғаған болатынмын «Қазақ GPT»-ді. Жалпы өте керемет пікір берді. Одан бөлек менің ең биік жетістіктерімнің бірі – жобалардың жаңашылдығы, қайталанбас үлкен жетістік.
Жоба бірнеше республикалық, халықаралық байқауда үздік деп танылып, Асылжан Астана IT университетінің грантын жеңіп алған. «Қазірдің өзінде бұл бағдарламаны 2 мыңнан астам адам пайдаланады»,— дейді автор. Асылжанның ендігі арманы – Кореяның СеулТех университетінің грантына ие болып, цифрлық технологиядағы ізденісін тереңдете түсу.