Державинск қала мәртебесін өзгертуі мүмкін
Жақында Сенат осы Заңға қатысты енгізілген түзетулерді мақұлдаған болатын. Шаһар мәртебесіне сәйкес келмейтіндердің қатарында 13 қала бар. Соның бірі осы – Державинск. Ондағы халық саны 10 мыңға жетпейді. Қала атағынан айырылса, жергілікті жұртшылық мемлекеттік қолдау мен ауылдық бағдарламаларға ие болады. Бірақ бұл хабарды әркім әрқалай қабылдайды. Бірі қолдаса, тағы бірі бұған үзілді-кесілді қарсы.
Державинск – Ақмола облысындағы шағын қала. 1996 жылға дейін мұнда 38-зымыран атқыштар дивизиясы болды. Дивизия жұмысын тоқтатып, таратылған соң қаладан мыңдаған адам өзге өңірлерге көшіп кеткен. 90 жылдардың басында 15 мыңдай тұрғыны болса, он жылдан соң ол екі есеге дейін қысқарды. Былтырғы санақ бойынша қала халқының саны 6 мыңға әзер жеткен. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қалаға ауыл мәртебесінің берілуі тұрғындар үшін тиімді болмақ. «Бұдан ұтпаса, ұтылмайды», – дейді олар.
Амантай Ахметов, Жарқайың аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
– Қазір бұл жерден үдере көшіп жатқандар жоқ. Қайта көшіп келіп жатыр. Ақырындап халық саны өсіп келеді. Орта және шағын бизнес даму үстінде. Дегенмен ауылды көтеруге арналған көптеген бағдарламалар бар ғой. Соның бізге де көмегі тиер еді. Әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатындар, шаруашылықтар өз жұмыскерлеріне үй салып берсе, мемлекет оларға субсидия береді. Бұл тұрғындарға айтарлықтай көмек болар еді.
Алайда тұрғындар Державинскті «қала» мәртебесінен айыруға қарсы. Мұнда қазір кезінде қаңырап бос қалған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жаңа модульді ветеринарлық зертханасы мен аурухана ашылды. Асфальтбетон шығаратын зауыт пен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын бар. «Сондықтан да қала болып қалуымызға негіз бар», – дейді тұрғындар.
Ұлбосын Ахметова, аудандық Мәслихат депутаты:
– Үлкен бағдарлама бар моноқала деген. Біз соның арқасында біраз жағдайымызды түзеп алдық. Ал соңғы бір- екі жылда қаланың өзінің жеке бюджеті бар. Көп болмаса да, әжептеуір. Біз шалғай жатқан ауданбыз. Шалғай жатқан ауылдар да бар. Әрине, бағдарламалар да бар. «Алтын бесік» дейді, тағысын тағы. Бірақ шалғай жатқан аудандарға тұрғындарымыз келу, келмеуі неғайбыл деп айтады. Қалаға сай. Оған біз ештеңе деп айта алмаймыз. Саны келмейді. Бірақ өсіп жатыр. Бір күнде ондай шешім болмайтын шығар. Тағы қарастыратын болар. Біз тұрғындар атынан, депутаттар атынан хат жаздық.
БЛИЦ:
– Қимаймыз! Осылай болып қала берсін! Бізге ауыл деген атаудың керегі жоқ.
– Үйрендік қала деп. Енді қалай «ауыл» болады? Державинск ауылы, білмеймін, маған ұнамайды.
– Әрине, алаңдатады. Мен оған қарсымын. Өйткені қала деген аты бар. Қаншама жастардың орталығы, саябақтар орналастырылған.
Әзірге нақты шешім шыққан жоқ. Шаһар тек мәртебесін өзгертуі мүмкін қалалардың тізіміне кірді.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Анна Шолгина, Анатолий Полянный