Павлодарда қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтар азаяды
Кәсіпорындарда экологиялық стратегия жүзеге асып жатыр. Кең ауқымды бағдарлама еуразиялық топ құрамындағы барлық өнідірісті қамтиды. Осы мақсатқа бір ғана «Қазақстан Алюминийі» АҚ зауыты 60 млрд теңге инвестиция салмақ. Бұл зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 73% дейін төмендетеді.
Павлодардың алюминий зауыты барлық күйжентектеу цехындағы электр сүзгілерін реконструкциялайды. Жоба кезең-кезеңімен он жыл көлемінде жүзеге асады. Алғашқы электр сүзгі тиімділігі жоғары фильтрге алмастырылды.
Сергей Владимиров, Павлодар алюминий зауыты жентектеу цехының шебері:
- Қолданыстағы электростатистикалық сүзгілеуді гибридті сүзгілеуге қандай да бір шығынсыз қайта құрудың ең тиімді шешімі табылды. Аталған жобаны жүзеге асырудың тиімділігі біз ойлағаннан асып түсті. Бұл аймақтың экологиясына түсетін салмақты едәуір жеңілдетеді.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ – газ тазартудың тың тәсілін енгізген еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Жаңа технологияның ерекшелігі, электрлі статистикалық тазартудан кейін сүзгіден өтіп, шанақтарға жиналған күл-тозаң иірлік конвейерлердің көмегімен жойылады. Қондырғының өндірістік қуаттылығы сағатына 30 тоннаны құрайды.
Мақсұт Жақыпов, «Қазақстан Алюминийі» АҚ бас экологі:
- Қоршаған ортаға эмиссия көлемін төмендетуді жылына 2,5 мың тоннадан асыру жоспарланып отыр. №1 электр сүзгіні реконструкциядан өткізгеннен кейін ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемі шамамен 2,5 мың тоннаға азаяды.
Электр сүзгілерді реконструкциялау – ERG компаниясының қоршаған ортаға келетін залалды азайтуды көздеген экологиялық стратегиясының бір бөлігі. Павлодардың алюминий зауытында 14 электр сүзгіні ауыстыру жоспарланып отыр. Экологтардың пайымдауынша атмосфераға таралатын эмиссия көлемі жылына 10 мың тоннаға дейін төмендейді. Ал кәсіпорын еуропалық стандарт деңгейіне көтеріледі.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков