Ақтөбе облысында бір күнде үш бірдей ауыл газ желісіне қосылды
Жалпы биыл өңірдегі 12 шағын елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Қазір оның тоғызы жүзеге асқан. Жыл соңына дейін қалғандары да тәмамдалуы тиіс.
Құрмановтар отбасы тоқыраулы 90-шы жылдары Ақсай ауылынан облыс орталығына көшкен. Отағасы жұмыс іздеп, балаларына сапалы білім беру үшін қалаға кеткендігін айтады. Ұл-қыздары ер жеткен соң туған ауылына қайта оралады. Шалғайдағы тұрмыстың тауқыметіне қарамастан, мал басын көбейтуді көздейді. «Ауылға орталық су құбыры мен көгілдір отынының жетуі ата-кәсіпті дөңгелетуге барлық жағдайды жасайды», – дейді.
Гүлжаһан Құрманова, Ақсай ауылының тұрғыны:
- Ел Президентіне, облыс әкіміне рахмет. Ауылымызға газ келіп өте қуаныштымыз. Халқымыз бәрі қуанып жатыр. Бұрын таңғы алтыда от жағатын едік. Қазір енді асықпай тұрамыз, малымызға, өзімізге қараймыз. Шаруамызбен, кәсібімізбен айналысамыз.
Ақсай ауылынан бөлек Байғанин және Алға аудандарында да биыл көгілдір отын жүргізу жұмыстары қауырт қолға алынған. Жалпы облыс тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге биыл 3 млрд 400 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде өңір халқының 91,4% табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Ал келер жылы 11 млрд-тан астам қаржы жұмсау көзделіп отыр.
Айбек Қайыр, Ақтөбе облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 2021 жылы біз он елді мекенге газ тартамыз. Сонымен қатар бес магистральді газопровод жасап, келешекте 25 елді мекенге газ жеткізілетін болады.
Ауылдағы көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қолдау мақсатында су жаңа пештер сыйға тартылды. Бұл – көгілдір отынға қатысты мәселені тез арада шешіп, ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып отырған шаралар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов