Мереке күні елордада 146 отбасы баспаналы болды
Бұл баспана сатып алу құқығымен 20 жылға дейін жалға беріліп отыр. Айта кету керек, бұл – табиғи газбен жылытылатын Астанадағы әзірге жалғыз көпқабатты тұрғын үй.
Дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер мен құтқарушылар. Тәуелсіздік күні қарсаңында елорда тұрғындарымен қатар осы саланың мамандары да қоныстойын тойлауда. Бұл жандар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстан Ипотекалық компаниясы», Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктері арасында жасасқан меморандумның арқасында баспанаға қол жеткізіп отыр.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
– Тек қана осы сіздердің категорияларыңызға біз 1 мың пәтерді жоспарладық. Бұл енді шынында да арнайы биыл басталған бағдарлама. Осы Тәуелсіздік күніне орай жақсы, қуанышты жағдаймен бас қосып отырмыз. Сондықтан сіздерге осы пәтерлеріңіз құтты болсын!
150-ге жуық отбасы жаңа пәтерлерінің кілтін алды. Айта кету керек, бұл баспана табиғи газбен жылытылатын Астанадағы әзірге жалғыз көпқабатты тұрғын үй болып отыр. Тұрғындарға пәтерлер 20 жылға дейін жалға беріледі екен. Кейін оны сатып алу құқығы да бар.
Әділ Мұхамеджанов, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:
– Ай сайынғы арендалық төлем қалтаны қақпайды. Мәселен, мынау кешенде 1 шаршы метрі үшін пәтер иесі 1455 теңге төлейді. Бұл ақша негізгі қарызды өтеуге жұмсалады. Биыл жыл соңына дейін осы бағдарлама бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 1 мың пәтерді тапсырамыз деп жоспарладық. Оның 100-і желтоқсанның 1-і күні қолданысқа берілді.
Жалпы әлеуметтік сала қызметкерлері үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыруға «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» шамамен 40 миллиард теңге қаржы бағыттапты.
Авторлары: Риат Шони, Болотбек Табалдиев