Атбасарда 200 отбасы баспаналы болды
Ақмола облысының Атбасар қаласында 200 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтерлердің барлығы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілді. Естеріңізде болса, биыл көктемде Жабай өзені арнасынан асып, жағаға жақын орналасқан бірнеше көше су астында қалған еді.
Су тасқынынан зардап шеккен атбасарлықтар бұл үйді 4 жылға жуық күтті. Солардың бірі Ия Васильева 2 бөлмелі пәтерге ие болды. Олардың үйіне 2017 жылы да су кірген екен. Көктем келсе, алаңдап отыратын бұл отбасы енді жаңа аудандағы жаңа үйде тұрады.
Ия Васильева, Атбасар қаласының тұрғыны:
-Біз бұл пәтерді ұзақ күттік. Үй салынып жатқан кезде келіп қарап жүретінбіз. Міне, кілтін алып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Баспана өзімізге ұнады. Кең, жарық.
Әкімдіктің мәліметінше, 200 пәтердің 127-сі қызыл судың салдарынан тұрғын үйі жарамсыз деп танылған отбасыларға берілсе, 73-і су тасқыны қаупі бар аймақта тұратындарға үлестірілген. Енді көктемде болуы мүмкін су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілмек.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
-Су арнасын тазарту, оны тереңдету, жағаларын нығайту. Земснаряд жасап, ол қазір Жабай өзенін тазартып жатыр және даладан келген су, ол да қала тұрғындарына өзінің кері әсерін тигізуші еді. Сондықтан 3 шлюз жасап, сол су ағып өтетіндей, Атбасарға ешқандай зардап келтірмейтіндей бір жоба бар. Соны іске асырып жатырмыз.
Атбасарда биыл көктемде 375 отбасы су тасқынынан зардап шеккен. «Үйлері қирап қалған 38 отбасыға сол кезде-ақ пәтер сатып алынған», – дейді әкімдік өкілдері. Бүгін тағы 200 отбасы баспаналы болды. Бірақ негізгі мақсат – қауіпті аймақтағыларды толық көшіру.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл жыл соңына дейін тағы 100-ден астам пәтер пайдалануға беріледі. Олардың біразына Жабайдың жағасындағы тұрғындар жайғасады. Осылайша қауіпті аймақтағы халықтың барлығы жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Мұхамбетәлі Тілдабаев