Ақтөбе ферроқорытпа зауыты биыл жобалық қуаттылығына сай өнім беруге көшкен
Бұған балқыту пешінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары нәтижесінде қол жеткізілді. Заманауи құрылғыларды модернизациялауды зауыт жұмысшылары жүргізді. Өйткені шетелдік мамандар шекараның жабық болуына байланысты елімізге келмеген.
Бизнес саласына түсірген ауыртпалығымен қатар дағдарыстың еліміздегі ірі өндіріс орындары үшін оңтайлы тұстарын да атап өтуге болады. Мәселен, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мамандары бұрын-соңды елімізде қолға алынбаған күрделі жөндеу жұмыстарын игеріп алды. Нәтижесінде металл балқыту көлемін айтарлықтай артып, зауыт жобалық қуаттылығына жетті. Ресей мен Оңтүстік Африка Республикасынан келетін мамандардың орнына Ақсу қаласынан көмекке жеткен әріптестер қолұшын берді.
Әсет Толымбеков, №4 балқыту цехы жөндеу учаскесінің басшысы:
– Жоспарланған жөндеу жұмыстарын барынша аз уақытта аяқтау міндеті жүктелді. Бірақ өндіріс көлемі мен жұмыстың сапасы зардап шекпеуі тиіс. Алайда шекараның жабылуына байланысты барлық жоспарларға қайтадан өзгерістер енгізуге тура келді. Сондықтан техникалық та, жұмысты ұйымдастыру үрдісіне де қатысты жауапты шешімдерді күрделі жөндеуді жүргізе отыра қабылдауға тура келді.
43-ші балқыту пешін модернизациялауға 150-ге жуық маман атсалысқан. О баста «65 күн ішінде тәмамдалады» деп пайымдалған жұмыс 54 күннің ішінде бітті. Нәтижесінде өндіріс орнының мүмкіндігі артып, дайын тауар көлемі ұлғайды. Сондықтан пандемияға қарамастан ERG компаниясы биылғы жылға жоспарланған өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
Валентин Чихичин, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары:
– Жұмысшыларымызды барынша қашықтан еңбек ету жүйесіне көшірдік. Қажет болған жағдайда еңбек демалысына да жіберіп отырдық. Соған қарамастан өндіріс көлемінің жоспарланған деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл зауыт ұжымының жұмыста еңбек етуінің нәтижесі деп есептеймін.
Зауытта жүргізілген жоспарлы модернизациялау нәтижесінде пештердің қуаты 45 мегаваттын 70 мегаватқа дейін артқан. Ал жергілікті мамандардың мұндай күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруы ERG құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясының инноваторлар форумында биылғы жылдың «Үздік жобасы» деп танылды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков