Хабар телеарнасы

Макинск құс фабрикасының екінші кезеңі іске қосылды

«Аitas KZ» АҚ тиесілі аталған өндіріс ошағы 2018 жылы индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылып, жобаға компания 45 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған болатын.

Макинск құс фабрикасы – Орта Азиядағы ең үлкен нысан. Мұнда әрқайсысында 12 құс қорадан тұратын төрт алаңқай бар еді. Енді оған дәл сондай тағы төрт алаң қосылды. Фабрика енді жылына 56 мың тонна құс етін өндіреді. Алайда өндіріс ошағының мүмкіндігі мұнымен шектелмейді.

Абай Беккереев, «Aitas KZ» АҚ стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті:

- Фабриканың үшінші кезеңін біз 2022 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы тағы 50 мың тонна құс еті өндіріліп, жалпы қуаттылық 100 мың тоннаға жеткізіледі. Қазір нарықтың 22% қамтып отырсақ, ол кезде бұл көрсеткіш 35 – 40% дейін өседі.

Ал мұндағы әрбір құс қорада 50 мыңнан астам бройлер балапандары бар. Олар 38 күннің ішінде өсіп-жетіліп, өндіріске жіберіледі. Екінші кезеңнің іске қосылуымен жұмысшылардың да қатары көбейді. Айталық, 570 адам жұмысқа алынып, қызметкерлердің саны 1,5 мыңға жетті. Ал олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.

Ирина Емельянова, фабрика жұмысшысы:

- Мен Макинск қаласында тұрамын. Бізді компания жұмысқа автобуспен апарып, алып келеді. Жалақымыз да жаман емес. Бастысы – тұрақты жұмыс. Аптасына екі күн демаламыз.

Айта кетейік, Макинск құс фабрикасы – Қазақстанның даму банкінің қаржыландыруымен іске асқан ірі жоба.

Әсел Шитенова, «БРК» АҚ Клиенттермен жұмыс дирекциясының аға банкирі:

- Инвестициялық жобалар бойынша қарыздың минималды сомасы 7 млрд теңгеден басталады. Бірақ азық-түлік өнімдері саласындағы жобаларға және мемлекет пен жекеменшік әріптестігі жобаларына 3 млрд теңгеден бастап беріледі. Несие мерзімі бес жылдан 20 жылға дейін.

Макинск құс фабрикасы болашаққа үлкен мақсаттар қойып отыр. Мәселен, компания 2027 жылға қарай өндіріс көлемін бес есеге дейін ұлғайтып, жылына 300 мың тонна құс етін өндіруді көздейді. Ондағы мақсат – импорттық өнімдерді ығыстырып, Қазақстан халқының құс етіне деген сұранысын 50% қамтамасыз ету.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко