Ақмола облысында жас сарбаздар сайысы өтті. Спорт жаңалықтары
Ақмола облысында бір апта бойы Жасұлан республикалық мектептері мен мамандандырылған лицейлерінің тәрбиеленушілері арасында әскери спорттық ойындардан қысқы Спартакиада аяқталды. ҚР Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының ұйытқы болуымен осымен 4-ші мәрте өткен жарысқа ең үздік деген жас сарбаздар қатысты. Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келген Спартакиада бағдарламасына Пневматикалық қару ату және белтемірге тартылу сондай-ақ шаңғы жарысы мен үстел теннисі кірді. «Ел тыныштығын қорғайтын болашақ әскерилердің патриоттық сезімін арттырып, денсаулығын нығайту мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі шараның деңгейі жылдан жылға жоғарылап келеді»,— дейді мамандар. Спартакиада қортындысы бойынша жалпы командалық есепте Шымкент қаласы топ жарса, Алматылықтар екінші орыннан көрінді. Ал Сарыарқадан келген сарбаздар үштікті түйіндеді.